Бақытжан Сағынтаев Назарбаев даңғылындағы үйдің құрылысын уақытша тоқтатты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев нүктелі құрылыстар туралы айтқан алматылықтардың шағымдарын тыңдап, мәселе шешімін тапқанша көпқабатты үйдің құрылысын тоқтатуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкіммен есептік кездесу кезінде алматылық Толқын Орайханова Назарбаев даңғылындағы № 176 және 220/3 үй тұрғындары атынан салынып жатқан нысанға қатысты сұрақ қойған болатын.

Онлайн-шарадан кейін Б.Сағынтаев аталған құрылыс нысанына барды. Бұл туралы ол Instagram-дағы өз парақшасында жазды.

«Ол жерге барып, тұрғындармен және құрылысшылармен кездестім. Екі тарапты да тыңдап, жауапты адамдарға туындаған жағдайды егжей-тегжейлі анықтауды тапсырдым. Мәселе шешімін тапқанша құрылыс жұмысы тоқтатылады» -, деп атап өтті қала басшысы.

Айта кетейік, бүгін қала әкімі Б. Сағынтаевтың тұрғындармен есептік кездесуі онлайн режимінде өтті.

Шаһар басшысы қалалықтар қойған барлық сауалдардың маңыздылығын, олардың әрқайсысына түсініктер беріліп, шешімдер қабылданатынын атап өтті.



Соңғы жаңалықтар