Бақытжан Сағынтаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Медицина қызметкері күнімен құттықтау үшін қаланың медицина қауымдастығымен онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі дәрігерлерге және мегаполистің барлық медицина қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

«Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандар, Сіздер уақыт сынына төтеп бере білдіңіздер. Коронавируспен күресте сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз үшін барша алматылықтардың атынан алғысымды білдіремін. Адам саулығының қорғаны болып жүрген бұл мамандық иелерінің беделіне баға жетпейді», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімі Алматының үнемі дамыған медицина орталығы болғандығын баса көрсетті. Мұнда ғылыми-зерттеу институттары және орталықтар, медициналық білім беретін ұйымдар, қалалық, республикалық, ведомствалық, жеке клиникалар шоғырланған, қалада 30 мыңнан астам медицина қызметкерлері еңбек етеді.

Жыл сайын бұл мереке қарсаңында кәсіби байқаулар өткізіледі. Биыл мамандықтың үздігін анықтайтын бұл байқау 13 номинация бойынша өтті. Атап айтқанда, үздік дәрігер және медбике, үздік инфекционист, емхана мен жедел жәрдемнің үздік дәрігері, сондай-ақ үздік жүргізуші.

«Бұл байқау Сіздердің әрқайсыңыздың еңбектеріңіздің барынша маңызды екенін көрсетеді. Барлық жеңімпаздарды құттықтаймын», — деді Б. Сағынтаев және коронавируспен күресте жанкештілік танытып жүрген екі мыңнан астам дәрігердің ерен еңбектерін ерекше бағалады.

Қалаға сіңірген зор еңбектері үшін бес медицина қызметкері «Еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бірқатар медицина қызметкерлері қала әкімінің алғыс хаттарын иеленді.

«Пандемия бізді көп нәрсеге үйретті. Ортақ күш-жігерімізбен біз бұл қиындықты да абыроймен еңсереміз, алматылықтардың денсаулығын сақтау мен нығайту жолында бәріміз бірігіп, аянбай еңбек етеміз, мен бұған сенімдімін», — деп атап өтті Алматы әкімі Б. Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар