Бақытжан Сағынтаев «Қорғас» ШЫХО бірқатар нысандарын аралады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысын аралап жүр. Транзиттік әлеуеттің дамуымен танысу мақсатында Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» (ҚР) - Қорғас (ҚХР) өткізу пункті мен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының бірқатар нысандарына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Нұр Жолы» - Елбасы Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» ауқымды жобасының соңғы қорытындысы және Орталық Азия аумағындағы ең үлкен өткізу пункті. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен үйлескен Президенттің мемлекеттік бағдарламасы ең алдымен Ұлы Жібек жолын жаңғыртуды көздейді. Алматы облысының Панфилов ауданындағы өткізу пункті арқылы Қытай Халық Республикасымен ауыр және жеңіл автокөліктер, сондай-ақ жолаушылар автобустары шекарадан өтеді. 

Б. Сағынтаев  өткізу пунктінің жұмыс орындарын қарап, негізгі техникалық әлеуетімен танысты. Бұл ауқымды заманауи көлік-логистикалық орталықтың құрылысы 2017 жылы басталған, ал осы жылдың 27 қыркүйегінде ашылу салтанаты өтті. Жобаның құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша іске асырылды.

«Нұр Жолы» өткізу пункті техникалық жабдықталу, көлік құралдарының өту жылдамдығы және бақылау жүйесін енгізу бойынша теңдессіз болып саналады. Тоқтаусыз жұмыс істейтін, автоматтандырылған бақылау және тіркеу жүйесі бар заманауи құрал-жабдықтардың арқасында жүк көліктерін кедендік және шекаралық рәсімдеу уақыты 40 минутқа дейін қысқартылады. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Г. Амриннің айтуынша, кешеннің жалпы құрылымы көлік қозғалысының екі бағытында жұмыс күндері 2500 көлік құралын өткізуге қауқарлы. Оның ішінде 2200 жүк көлігі, 300 жолаушы көлігі бар. Бұл транзиттік ағындардың едәуір ұлғаюына мүмкіндік берді.

Болашақта жаңа пункт тәулігіне 5000 көлікке дейін өткізе алатын болады. Мұндай өткізу пункті бар ірі сауда дәлізінің пайда болуы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірлік экономиканың дамуына қуатты серпін бермек.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығының жұмысымен де танысты. Жоба Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының бастамасымен жүзеге асырылуда. Мақсат - екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту. «Қорғас» ШЫХО жалпы аумағы 560 гектар болатын екі мемлекеттің шекаралас аумақтарында орналасқан және мемлекеттік шекара арқылы өтетін «Арнайы өткел» арқылы қосылған қазақстандық және қытай бөліктерінен тұрады. Жобаның бірегейлігі - Орталықтың аумағында адамдар, тауар және көлік құралдары визасыз еркін қозғала алады.

«Қорғас» ШЫХО президенті Қ. Жазиннің айтуынша, екі ел тұрғындары тарапынан 2012 жылдың сәуір айында ашылған орталыққа деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Халықаралық орталықтың аумағына кіру тәртібін жеңілдету үшін біраз жұмыстар атқарылды. Мәселен, 2016 жылдың қараша айынан бастап, азаматтарға «Қорғас» ШЫХО аумағына кіруге тек жеке куәлік пен баланың туу туралы куәлігі (бір ата-анасы жанында болған жағдайда) ғана керек. 2018 жылдың қаңтарынан қыркүйек айына дейін екі жақтан келушілердің жалпы саны 1 млн адамнан асқан.

Қазіргі таңда «Қорғас» ШЫХО» АҚ ауданы 236 га болатын резервтегі аумақтарды қосуды қарастыратын құрылыстың бас жоспарына түзетулер енгізу жұмыстарын аяқтады. Жаңа бас жоспарға сәйкес, көпфункциялы сауда үйлерін және халықаралық іскерлік ынтымақтастыққа арналған орталықтарды, сондай-ақ, мәдени алмасу орындарын, білім және ғылыми оқыту орталықтарын, спорттық-сауықтыру инфрақұрылымы бар демалыс орындарын салу жоспарда бар.

«Қорғас» ШЫХО мәліметіне сәйкес, Орталық аумағында жалпы құны шамамен 356 млрд теңге болатын 27 инвестициялық нысан бар. Пайдалануға берілген сауда үйлерінің жалпы ауданы 24 663 м2 құрайды. 2018 жылдың соңына қарай ауданы шамамен 40 000 м2 болатын 2 инвестициялық нысанның құрылысын аяқтау көзделген.

Бұдан өзге «Қорғас» ШЫХО-ның қазақстандық бөлігінде нақты салық жеңілдіктерінің пакеті бар арнайы экономикалық аймақ құрылған. ШЫХО-ға АЭА мәртебесін беру кәсіпкерлік қызметті дамытуға және инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасайды. «Қорғас» ШЫХО АЭА-ның болашақ қатысушылары әлеуметтіктен өзге, негізгі салықтарды төлеуден босатылады. Осы және басқа да жеңілдіктер мен артықшылықтар қазақстандық және шетелдік қатысушылар үшін де қолжетімді болады. ШЫХО-да тауар айналымы цифрландырылуда. Бұл кеден бақылауы процестерін автоматтандыруға жол ашады.

Қазіргі таңда қазақстандық инвесторлар үшін инвестициялық нысандарда жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында бақылау-өткізу пунктерінде тәуліктік жұмыс режимі мәселесі шешілген. Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңы саудасы мен туризмді одан әрі жандандыруға көмектесу мақсатында қытайдың бақылау-өткізу пунктінде 14 сағаттық жұмыс режимі іске қосылған.

Соңғы жаңалықтар