Бақытжан Сағынтаев имидждік іс-шараларға бөлінетін шығыстарды қысқартпақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жедел әрекет ету өңірлік штабының отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтау жөніндегі шаралар пысықталды.

Бүгінде штаб өкілдері мегаполистегі барлық салалар бойынша дағдарысқа қарсы шаралар пакетін әзірлеп жатыр. Қала әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, жұмыс орындарын сақтау және құру, жалақыны уақытылы төлеу, ШОБ және экономиканың нақты секторын қолдау сияқты басым міндеттерді қойды.

Жиында МӘМС жүйесінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен медициналық қызметтерді қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар құрылысына инвестицияларды тарту және оны ұлғайту, жұмыс орындарын сақтау, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі шаралар да тілге тиек етілді. Білім беру, мәдениет және спорт саласында аз қамтылған отбасылардың балаларын қолдауға ерекше назар аударылатын болады.

Сонымен қатар, бизнесті қолдау және кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау, бюджет саясатын оңтайландыру, салық және өзге де төлемдерді әкімшілендіру шаралары қарастырылды. Бұдан басқа, техниканы, жиһаздарды сатып алуға және имидждік іс-шараларды өткізуге арналған бюджеттік шығыстарды қысқарту қарастырылуда.

Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, қазір қалада коронавирус жұқпасы жоқ.

Бүгінде қалада 490 адам карантинде жатыр. Олардың 407-сі үйлерінде оқшауланса, қалғаны түрлі медициналық мекемелерінде стационарда жатыр.

Карантиндегі тұлғалардың ешқайсысында катаралды белгілер білінбейді.

Осы жұқпаның алдын алу мақсатында індетке қарсы профилактикалық шаралар кешені қолға алынды.


Соңғы жаңалықтар