Бақытжан Сағынтаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу әдеттегідей «еркін микрофон» қағидатымен өтті. Бұл - аудан тұрғындарымен екінші рет жүздесу циклы, мұнда шағымдар тыңдалады және тиісті шешімдер қабылданады. Бұған дейін қала басшысы Алатау, Наурызбай, Түрксіб, Жетісу, Әуезов, Медеу, Алмалы аудандарының тұрғындарымен кездескен.

Бостандық ауданындағы кездесуге шамамен 500 адам жиналды. Алғашқы кездесуге 600 тұрғын қатысып, түрлі мәселе бойынша 120-ға жуық сұрақ қойған еді. Олардың қалай шешілгені туралы Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов баяндады.

Нұрлытау, Ерменсай, Нұр-Алатау, Ақтөбе ықшамаудандарында 2,8 мыңнан астам үй бар, онда 15 мыңнан астам адам тұрады. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қазіргі кезде тәулігіне 9 мың текше метр су шығаратын су торабының жобалық-сметалық құжаты әзірленуде.

Көкшоқы ықшамауданында биыл 2,8 шаршы метр су құбыры мен 3,7 шаршы метр кәріз желісі тартылды, соның арқасында аталған елді мекен ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етілуде.

Сонымен қатар, 53 көшеге 22 шаршы метр сыртқы жарық желілері тартылды. 60 аула абаттандырылды. Келер жылы 154 көшеге жарық тарту көзделген.

Медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін Алматы онкологиялық орталығы ғимараты жанынан заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған қосалқы нысанның құрылысы аяқталды, мұнда стационар мен радиологиялық зертхана орналасқан. Сонымен қатар, қалалық психикалық денсаулық орталығы жанынан 150 орынды қосалқы нысан пайдалануға берілді.

Айта кету керек, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев барлық сегіз ауданның тұрғындарымен екінші рет жүздесті. Оған 3800 қала тұрғыны қатысты. Кездесу барысында шаһар басшысына 800-ге жуық сұрақ қойылды. Кездесулер қорытындысы бойынша айтылған проблемаларды шешу үшін арнайы іс-шаралар жоспары бекітіледі.

Абаттандыру, коммуналдық және инфрақұрылым мәселелері шешілуде. Тұрғындар өтінішінің арқасында қала бюджетінің тармақтары қайта қаралды, сыртқы жарық желілерінің қондырғыларына қаржы бөлінді. Сонымен қатар, қалаға жаңадан қосылған елді мекендер тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету, жүздеген шақырым жаңа жолдар салу, аулаларды абаттандыру міндеттері орындалатын болады.

Соңғы жаңалықтар