Бақытжан Сағынтаев Астанада «Темір адамдарды» марапаттады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бүгін Астанада өткен IRONMAN 70.3 - триатлоннан халықаралық жарыстың бірінші жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Шара елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Астанада өтуде. Жарыстың құрметті қонақтарының қатарында Қазақстанның триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және т.б. болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа әлемнің 47 елінен 1300-ден астам спортшы қатысты, олардың 700-ге жуығы - қазақстандықтар. Мәреге алғашқылардың бірі болып жеткен Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Александр Винокуров, сондай-ақ «Сенің жаңа қырың» қозғалысының көшбасшысы Валихан Тен, Куила-Конеде IRONMAN әлем чемпионатына қатысқан Павел Артюшенко, триатлоншы Томас Дрейер және әлемдік триатлон тарихына енген өзге де спортшылар болды.

Бақытжан Сағынтаев бірінші жүгірістің абсолютті чемпиондарын: әйелдер арасында - Дидра Кейсиді (Deirdre Casey - Ирландия) және ерлер арасында - Питер Волковичті (Peter Wolkowicz - Германия) құттықтады. Олар 113 шақырым қашықтықта үш үздіксіз кезеңді еңсерді.

Сондай-ақ жүлделі орындардың жеңімпаздары анықталды: ерлер арасында ІІ орынды Виктор Алешин (Ресей), ІІІ орынды Сергей Хазов (Ресей) алды. Екінші орынды әйелдер арасында Любовь Полянская (Ресей), үшінші орынды Изабелла Собанска (Польша) иеленді.

IRONMAN - жалпы ұзындығы 113 шақырым (70,3 миль) болатын жүзу (1,9 км), веложарыс (90 км), жүгіру (21,1 км) секілді үш үздіксіз кезеңнен тұратын біркүндік жарыс. Толық қашықтықты еңсеріп шыққан спортшыға «Темір адам» атағы беріледі. Триатлоншылар осы жылдың қыркүйек айында Оңтүстік Африкада өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін 50 слотқа күресуде.

 

Соңғы жаңалықтар