Бақытжан Сағынтаев: Алмалы ауданының өз «Төлебайы» пайда болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы және «Бюджетке қатысу» жобасы аясында қолға алынған Алмалы ауданының коғамдық кеңістіктерін абаттандыру барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, әкім Жамбыл атындағы сквер, Жамбыл көшесі бойындағы және Розыбакиев көшесі мен Қожамқұлов көшесінің қиылысындағы «жасыл» аймақтарда болды. Мұнда жайлы орындықтар, тренажер кешендері қойылып, ойын алаңдары, гүлзарлар жасалуда. Жаяу жүргінші жолдары абаттандырылып жатыр.

Алматы әкімі «Тастақ» ықшамауданындағы Прокофьев көшесін жөндеу жұмысының барысымен танысты. Мұнда ойын және спорт алаңдары, демалатын орындары бар заманауи жаяу жүргінші аймағы салынады. Прокофьев көшесі Дүйсенов көшесімен қилысады, мұнда да өткен жылы жайлы жаяу жүргінші аймағы пайда болған еді.

«Осылайша, Алмалы ауданының осы бөлігіндегі тұрғындардың өз «Төлебайы» пайда болады», - деп жазды қала әкімі Instagram-парақшасында .

Б. Сағынтаев жұмыс сапары кезінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынған Гагарин бульварының Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі аумағының және Мақатаев атындағы сквердің қалай жөнделіп жатқанын көрді.

«Бұл сквер шығармашылық өкілдері, зиялы қауымның, жас ақындар мен жазушылардың мекеніне айналуы тиіс. Тіпті мұндағы атмосфераның өзі шығармашылыққа шабыттандыратындай жағдай жасауды міндеттедім», - деді Б. Сағынтаев.

Биыл Алмалы ауданында «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша 15 жоба іске асатын болады. Ол үшін 240 млн теңге бөлінген. Айта кетерлігі, скверлер мен жасыл аймақтарды, аулаларды жөндеу, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жерасты өтпе жолдарына көтергіш механизмдерді орнату бойынша бірқатар жобалар да жүзеге асады.


Соңғы жаңалықтар