Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Зерделі шағын ауданындағы жеті учаскені мемлекет меншігіне қайтару қарастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ол шағын аудан тұрғындарымен кездесуде айтты.

«Зерделі» ықшамауданының тұрғындарымен әңгіме барысында қала әкімі көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Соның бірі — «кірістіру» деп аталатын жоспарланған құрылыс, яғни тұрғын үйлерге іргелес жатқан учаскелерде құрылыс жүргізу.

Ықшамауданның белсенді тұрғындарының бірі Дана Рахимова тұрғындардың «кірістіру» құрылыстарынан қауіптенетінін айтты. Оның бұл сөзіне әкім өзінің тапсырмасы бойынша Жер қатынастары басқармасының осындай жеті учаскені мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарап жатқанын жеткізді.

«Бұл учаскелер іргелес салынған үйлер тұрғындарының тілектеріне сай абаттандырылуы тиіс. Мүмкін мұнда ойын, спорт немесе балалар алаңдары қажет шығар», - деді Б. Сағынтаев.

Әңгіме барысында Алматы әкімі Алатау ауданын дамытуға ерекше назар аударылатынын, оның орталықтандыру қағидаты бойынша жүзеге асырылатынын айтты.

Сонымен қатар, Алматы әкімі Алатау ауданындағы «Бақытты отбасы» әлеуметтік қолдау орталығының базасында жүзеге асырылған «Іскер ана» жобасына қатысушы көпбалалы аналармен кездесу барысында іскер әйелдердің жетістіктеріне қызығушылық білдірді.

Алатау ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ақмарал Басирова биыл 25 мыңға жуық әйелдің түрлі шеберлік курстарында білім алғандарын айтты. Қазірдің өзінде олардың көпшілігі табысты іскер әйелге айналды.

«Күрделі жағдайларға тап болған көптеген әйелдердің өмірі біздің көз алдымызда өзгеруде. Қиындықтарға қарамастан, олар өз күштеріне сенеді әрі жаңа істерді игеруге уақыт та табады», - деді Ақмарал Басирова.

Қала әкімі Б. Сағынтаев «Іскер ана» бағдарламасының көпбалалы аналарды қолдауға бағытталғанын еске салды. Олар «Бақытты отбасы» аудандық орталықтарының базасында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып-үйренеді. Көпбалалы отбасылардан шыққан 888 адам 555 мың теңгеге дейін грант алды. Олардың 557-сі өздерінің жеке кәсіптерін ашты. Тағы 203 көпбалалы ана 5 миллион теңгеге дейін грант алды. Осы жобаға жалпы сомасы 406 млн теңге жұмсалды.

Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың айтуынша, биыл гранттардың жалпы сомасы 200% -ға ұлғайып, 700 млн теңге болды.

«Бағдарлама сұранысқа ие және нақты нәтижелерді көрсетуде. Сіздермен кездескеннен кейін мен бұған тағы да көз жеткіздім. Әкімдік көпбалалы аналар арасында кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуді жалғастырады. Жеңілдетілген жалға берілетін үй-жайларды, мысалы, шағын өндірістік парктерде орындарды алуға көмектесеміз. Бұлардан өзге, гранттарға бөлінетін соманы ұлғайту мүмкіндігін қарастырамыз», - деді Б. Сағынтаев.


Соңғы жаңалықтар