Бақытжан Ертаев Арыстағы жарылысқа қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев Арыстағы жарылысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір көп сұрақтар қойылып жатыр. Менің ойымша, мұндай оқиғаның қайталанбауы үшін осы мәселені ары қарай егжей-тегжейлі талқылау керек. Қаза болғандардың туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін. Мәжіліс депутаттары бірінші күннен бастап осы қайғылы жағдайға ортақ болып, қолымыздан келгенше жәрдем беріп жатырмыз. Мәжіліс төрғасының ұсынысы бойынша бірқатар депутаттар қазір Арыста. Осындай жағдайға жол берілмеуі керектігі түсінікті. Әскери адам ретінде бұл жағдай күрделі екенін білемін. Құзыретті органдар бұл мәселенің мән-жайын анықтайды, сәйкесінше, тиісті қорытынды шығарады», - деді Б. Ертаев.

Депутаттың айтуынша, Арыстағыдай арсеналдың қорғанысы жоғары болуы тиіс.

«Осындай арсеналдар жан-жақты күзетпен, қорғаныспен қамтамасыз етілуі тиіс. Менің ойымша,құзыретті органдар бұл мәселені толықтай зерттейді. Сондықтан осындай оқиғаларға жол бермес үшін тиісті шараларды қабылдайды», - деді Ертаев.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Арыс тұрғындарымен кездесу үшін депутаттар Түркістан облысына аттанғанын жеткізді.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Апат салдарынан екі адам мерт болды. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.

Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

Соңғы жаңалықтар