Бақытжан Байқадамов пен Си Синхайдың достығы туралы фильмді түсіру басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан мен Қытай кинематографистерінің тұңғыш бірлескен жобасы  - «Композитор» фильмінің салтанатты таныстырылымы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ҚХР басылым, кино, радио, телехабар мәселелері бойынша мемлекеттік әкімшілік  министрі Не Чэньси Қазақстан мен Қытай кино мамандары бірлесіп түсіретін «Композитор» фильмінің түсіріліміне бастау берді.

Фильмде Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары кезіндегі дарынды композиторлар  Бақытжан Байқадамов пен Си Синхайдың достығы көрініс табады. Бақытжан Байқадамовтың рөлін Қазақстанның танымал актері Берік Айтжанов, ал Си Синхайды  Қытайдың беделді актері Ху Джун сомдайды. Сондай-ақ, түсірілімге Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова сынды қазақстандық актрисалар қатысады.

«Бұл фильм - Қытайдың кинонарығына апаратын алғашқы жол. Бұл талай тағдырды тоғыстыратын қызық әрі драмалық оқиға. Себебі, соғыс жылдары Қазақстанға түрлі ұлт өкілдері көшіп келді. Заманның қиындығына қарамастан, халық бір-біріне қолдау көрсетті, барынша көмектесті. Ал музыка олардың жалғыз жұбанышы еді», - деді фильмнің атқарушы продюсері Мәди Жақыпов.

Бірлескен киножобаның түсірілімі туралы уағдаластық 2015 жылдың 26 қыркүйегінде Қытайдың Фучжоу қаласында «Жібек Жолы» атты Екінші Халықаралық кинофестивальдың Бірлескен өнім форумында жасалды. 2016 жылы 2 қарашада «Қазақфильм» АҚ мен ShineWorks Pictures уақытша атауы «Композитор» деп аталатын көркем фильмді бірлесіп өндіру, қаржыландыру және бірлесіп пайдалану бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

«Қазақфильм» АҚ вице-президенті Серік Жұбандықовтың айтуынша, түсірілім жұмыстары 2017 жылы басталады, оның басым бөлігі Қазақстанда өтеді.

«Жұмыс процесін, түсірілім шығындарын қытайлық әріптестермен теңдей бөліп алдық. Осылайша, әр тарап фильмнің 50%-ын қаржыландырды. Түсірілім жұмыстары Қазақстанда өтеді, ал компьютерлік графикамен байланысты монтаж жұмыстары Қытайда жүргізіледі. Әрине, біздің басты мақсатымыз  Қытайдың континенттік нарығына ену және фильмге салған қаражатты қайтара аламыз ба, мемлекет кинодан кіріс түсіре ала ма, соны анықтау», - деді ол.

Еске сала кетсек, кеше Астанада Қытай фестивалі өтті. Фестиваль аясында отандық көрермендер назарына Қытайдың соңғы жылдары жарық көрген үздік туындылары ұсынылатын болады.  

Соңғы жаңалықтар