Бақытжан Әбдірайым жұмысшылардың жалақысын көтеруді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын сатылы түрде арттыру қажет. Бұл туралы бүгін еңбек қатынастарын реттеу жайы қаралған Үкімет отырысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда кәсіпорындар мен ұйымдардың небәрі 40 пайызы ғана ұжымдық шарттармен қамтылған. Дегенмен, соңғы уақытта кей өңірлерде ұжымдық шарттар санының өсу динамикасы байқалады. Мұны бір ғана Алматы қаласынан көруге болады. Мұнда өткен жылы бекітілген шарттардың үлесі 4-тен 19 пайызға артты. Соған қарамастан бұл мәселе елімізде толық шешімін таппай жатыр. Осыған орай облыстық үшжақты комиссиялар жұмысын жандандырып, ұжымдық шарттар бойынша мәселені тұрақты түрде қадағалап отыруды ұсынамыз», - деді ол.

Сонымен қатар, ол лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай соңғы жартыжылдықта еңбекақыны көтеруге қатысты шешім екі рет қабылданды. 2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге артты, ал ағымдағы жылдың шілде айынан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің табысы көбеймек. Солай бола тұра, ауыл, орман шаруашылығында және басқа бірқатар саладағы жұмысшылардың еңбекақысы әлі де төмен. Сондықтан кәсіпорын басшыларын, бизнес-қауымдастықты, жергілікті атқару органдарын жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын сатылы түрде арттыруға шақырамыз», - деді Б.Әдірайым.

Оның айтуынша, қазір Үкімет бюджет саласындағы табыс деңгейін арттыруды қолға алып жатыр.

«Осы ретте біз Елбасы қойған халықтың әл-ауқатының әлеуметтік стандарттарын арттыруға қатысты міндеттерді ескере отырып, Үкіметке бюджет саласындағы базалық лауазымдық қызметақыны ең төменгі жалақыға кезеңмен ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», - деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Соңғы жаңалықтар