«Бақытты отбасы»: Жамбылда 258 отбасы баспаналы болды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында бүгінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында облыс бойынша 2 миллиард 902 миллионға жуық теңге сомасында 338 өтініш қабылданған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қабылданған құжаттар ішінде 258 отбасы жалпы 2 миллиард 234 миллионнан астам теңгемен несиелендіріліп, баспанаға ие болып үлгерді. Ал 80 отбасы үшін 680 миллионға жуық теңгенің ипотекалық несиесі рәсімделуде. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров айтып берді.

«Елімізде ағымдағы жылдың шілде айынан бастап – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Бақытты отбасы» бюджеттік несиелендіру бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Айта кету керек, аталған бағдарламаға тек қана 3 санат бойынша әлеуметтік аз қамтылған, яғни 4 және одан да көп баласы бар, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған және толық емес отбасылар қатыса алады. Тараз қаласы бойынша жалпы тұрғын үй кезегінде тұрған 18 мың 565 азаматтың 1794-і осы санаттағылар. Жалпы, тұрғын үй кезегіне тіркелмеген азаматтарға жолдама берілмейді. Негізінен, республика бойынша бұл бағдарламаға 50 миллиард теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде біздің облысқа тиесілісі 3 миллиард теңге көлемінде. Аталған бағдарлама үш жыл бойы жүзеге асырылатынын ескерсек, бұл уақыт ішінде талай отбасының баспаналы болары анық»,-дейді Ж.Шалдаров.

Басқарма басшысының айтуынша, аталған бағдарлама бойынша «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі» КММ тарапынан тұғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жолдама беріліп, «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» облыстық филиалына өтініштері тіркелуде.

Қала аумағынан ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап көпбалалы отбасыларға жекешелендіру құқығынсыз 142 пәтер сатып алыну үстінде. Сондай-ақ «Қарасу» шағын ауданында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 180 пәтерлі төрт жатақхана салынып, кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға заң аясында үлестірілмек.

Соңғы жаңалықтар