«Бақытты отбасы» ұлттық жобасы таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Nur Otan партиясының орталық аппаратында «Бақытты отбасы» ұлттық жобасы таныстырылды. Осыдан бастап жергілікті атқарушы органдардың жобалары мен партия филиалдарының шаралары аталған жоба аясында топтастырылатын болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізі, бұл жобаға қатысты жұмыстарды біз партия жанынан құрылған балалар құқығын қорғау кеңесі аясында бастап кеткен болатынбыз. Енді, Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес, осы жұмыстарды және жергілікті әкімшіліктер атқарып жатқан жұмысты жүйелеп, біріктіріп, жаңа ұлттық «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткізетін боламыз», - деді партия xатшысы Тамара Дүйсенова Астанада өткен жиында.

Жобаның негізгі мақсаты - қазақстандық отбасылар мен балалардың әл-ауқатын арттыру. Аталған мақсатқа жетудің үш жолы анықталып отыр. Соның бәрі кезең-кезеңмен іске асырылады.

Партия xатшысының айтуынша, филиалдар мемлекеттік және жергілікті органдармен бірлесе отырып, қиын жағдайда отырған отбасыларды анықтайды. Ол үшін арнайы топтар үйлерді аралайды. Соның бәрі xалықтың әлеуметтік картасында көрсетіледі.

«Негізі, осы жұмыс жергілікті жерде басталып кетті. Партия филиалдары да атсалысып жатыр. Соның негізінде кедейшілік шегінен төмен отбасыларға көмек беріледі. Ал ондай отбасыда жұмысқа жарамды адамдар болса, оларға арнайы оқу курстарынан өтуге, грант пен шағын несие алуға ұсыныс жасалады. Бұдан бөлек, баспанаға зәру көпбалалы және толық емес отбасыларға арендалық пәтерлер беріледі. Бұның барлығын мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар іске асырады. Ал партия филиалдары бақылау жасайды», - дейді Т.Дүйсенова.

Оның сөзіне қарағанда, партия филиалдары өз кезегінде үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен қосымша қолдау шараларын ұйымдастырады. Мәселен, атаулы көмекті алатын отбасыларды анықтаумен қатар қиын жағдайға тап болған отбасылар да есепке алынады. Оларға жан-жақты құқықтық көмек көрсетіледі. Үйде отырып, жұмыс жасауға мүмкіндік жасалады.

«Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың отбасыларды қолдауға арналған барлық жобалары мен партия филиалдарының шаралары «Бақытты отбасы» ұлттық жобасы аясында топтастырылатын болады. Бұл - ұлттық жоба. Біз оны бірлесіп атқаратын боламыз», - деп атап көрсетті Т.Дүйсенов.

Айта кетейік, бүгінгі жиында Мәулен Әшімбаев партия филиалдарының кемшін тұсын атады.

«Мәселен, Жайық өзенін алайық, желтоқсан айынан бері балықтар қырылды. Қазір осы мәселе өзекті проблемаға айналды. Соның ішінде қолдан өсірілген бекіре тұқымдас балықтар да бар. Бұл - өте қымбат өнім. Содан үлкен шығын келді. Партияның Атырау облыстық филиалы болса, осы мәселені мемлекеттік органдарға жеткізіп, сарапшылардың көмегімен нақты себебін іздеудің орнына орталыққа «бәрі жақсы» деп xат жазып отыр. «Сенбілік кезінде бәрін тазартып тастаймыз» дейді. Ондай xат-xабарлардың қажеті қанша? Мәселені шешумен айналысу керек. Аймақта проблема болса, оны дер кезінде көтеріп, мемлекеттік органдарға жеткізу керек», - деді М.Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар