«Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтқан халықтың аз қамтылған тобына, оның ішінде көпбалалы аналарға қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша қалалық жоспарды таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында белгілі болғандай, 11 наурыздан бастап «Бақытты отбасы» арнайы қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжаттар қабылданады.

Алғашқы жарна тұрғын үй құнының 10%-ы, мөлшерлеме - 2%. Кезекте тұрған 1276 көпбалалы және толық емес отбасылардың алғашқы жарнаны төлеуге қаражаттары жоқ болғандықтан қала бюджетінен 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификаттары бөлінеді.

Сондай-ақ, 20 наурыздан бастап аз қамтылған отбасылардың 4 мыңға жуық оқушыларына алғаш рет стипендия төленеді. Мектеп оқушылары ай сайын 5 мың теңгеден, ал университеттер мен колледждер студенттері 10 мың теңгеден алады.

Қиын жағдайға душар болғандарға берілетін бір реттік төлем көлемі 25 мыңнан 50,5 мың теңгеге көбейеді.

15 наурыздан бастап жәрдемақы көлемі артып, 5 мыңға жуық адамды қамтиды.

15 наурыздан бастап аз қамтылған отбасыларға ыстық және суық су есептегіш құралдарын жеке орнатуға берілетін жәрдемақы көлемі 70%-ға немесе 5 мыңнан 8,6 мыңға өседі. Бұлардан өзге, аз қамтылғандар тобына коммуналдық қызметке кететін шығынның орнын толтыру үшін берілетін жәрдемақы көлемі 5%-ға дейін артады.

1 наурыздан Алматыдағы жұмыссыз аналарды оқыту және кәсіби дайындау шаралары басталды әрі оларға 16,7 мың теңге көлемінде стипендия беріледі. Қалада жастар практикасы, субсидия бөліп жұмыспен қамту, жалақысы 63 мың теңгелік әлеуметтік жұмысқа тарту шаралары ұйымдастырылуда.

Бір терезе қағидасы бойынша жұмыс жасайтын көпбалалы аналар Орталығында құқықтық және психологиялық кеңестер беріледі, реабилитациялық көмек көрсетіледі, орталық 1 сәуірден бастап есігін ашады. Мұнда көпбалалы аналар еңбекпен қамтылады, мини-бала бақшалар ұйымдастырылады.

Қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева мегаполисте «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалға берілетін, оның ішіне көпбалалы отбасылар да кіреді, 40 мыңнан астам пәтерлер құрылысы басталатынын айтты.

Атаулы әлеуметтік көмек көлемін күн көріс көрсеткішінен 70%-ға дейін көтеру барысында Алматыда оны алатындар саны 2 699 дан 4000 адамға өсті. Мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге берілетін төлем көлемі 31,1 мыңнан 41,6 мыңға артты. Бұл шара 7 394 адамды қамтиды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматының бюджеттік саласындағы 30 мыңнан астам қызметкерлердің жалақысын 30%-ға дейін көтеру жоспарланған.

Еске сала кетейік, 1 наурыздан бастап көп балалы отбасылардың екінші, үшінші балалары бақшаға тегін барып жүр. Қалалық бюджет олардың тамақтану ақысын өз мойнына алды.

Соңғы жаңалықтар