Бақытты отбасы: СҚО-да былтыр 173 отбасы баспаналы болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспанаға мұқтаж жандарға жолдамалар беріле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ өкілдері брифинг өткізіп, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысты мәліметпен бөлісті.

Мамандардың айтуынша, биыл бұл бағдарламаға бөлінген қаражат екі есе артып, 100 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде 10 мың отбасының баспаналы болу мүмкіндігі бар. Биыл СҚО-да 144 жанұя осы бағдарламаның шарапатын көрмек.

«Несиенің мөлшерлемесі өзгеріссіз қалды – 2%. Биыл тек кірістің жоғары мөлшері өзгертілді. Енді ол күнкөріс минимумының шамасымен есептеледі. Енді жеңілдетілген несие алу үшін отбасының бір мүшесінің соңғы жарты жылдағы табысы айына екі күнкөріс деңгейінен, яғни 62 366 теңгеден аспауы керек. Нәтижесінде, бағдарламаға қатысушылардың саны артпақ», - дейді «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің бастығы Әмір Нұрмұқанов.

Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттарды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тапсырып, жолдама алу қажет. Банк құжаттарын бекіткен жағдайда Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау және Шымкент қалаларының тұрғындары 15 млн теңгеге дейін, ал басқа өңірлердің тұрғындары 10 млн теңгеге дейін несие ала алады.

«Былтыр 173 үйелмен «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қоныс тойын тойлады. Тағы жетеуінің несие өтініштері оң шешім алды. Қазір олар өз пәтерін іздеп жатыр», - дейді Әмір Нұрмұқанов.

Жалпы «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ 47 мыңнан астам салымшысы бар. Депозиттік портфель - 25 млрд теңге.




Соңғы жаңалықтар