Бақытты отбасы: ШҚО-да 500-ден астам көпбалалы жанұядан өтініш түсті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға 500-ден астам көпбалалы жанұя өтініш берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға көп өтінім түсіп жатыр.

Лимит 370 болғанымен, қазірдің өзінде 1800 өтініш келді. Оның 551-і - көпбалалы отбасы.

«Осыған орай қала мен аудан әкімдеріне аталған бағдарламаға нақты қанша отбасы қатысуға дайын екендігін анықтауды тапсырдым. Елді мекендерде ауданы 140 шаршы метр болатын екіпәтерлі үйлер салуға қандай учаскелер бөлуге болатындығын айқындау қажет. Банктер де қолдау көрсетіп, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жанұяларға 9 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие беруге дайын. Біз өз тарапымыздан 1,5 млн теңгенің және «Парыз» қорынан 700 мың теңгенің сертификаттарын ұсынамыз», - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов. ⠀

Өз сөзінде ол коммерциялық тұрғын үй салу үшін әкімдерге инвесторларды шақыруға, оларға инфрақұрылымы жүргізілген учаскелерді және дайын жобаларды ұсынуға рұқсат берілген.

Мұндай пәтерлерге қазір сұраныс жоғары. Сондықтан келесі жылы арнайы жоба дайындалмақ. ⠀

«Құрылыс саласы бойынша Риддер қаласы берілген тапсырманы орындай алмай қалуы мүмкін. Онда бар болғаны екі көппәтерлі үй салынуда. 9 қыркүйек күні ол жерге менің орынбасарым бастаған арнайы комиссия барады. Олар тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен мектеп құрылысы жұмыстарын және жылыту маусымына дайындықты тексереді. Сонымен қатар нысандардың бірінде каркас жұмыстарының мерзімі созылып кеткен Күршім ауданы да көштен қалып келеді. Бұл – аудан әкімі мен құрылыс басқармасы тарапынан жіберілген кемшілік. Қалған аудандарда құрылыс пен реконструкциялау жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп келеді», - деді аймақ басшысы.


Соңғы жаңалықтар