«Бақытты отбасы»: Қостанай облысында мұқтаж жандарға 50 пәтер берілді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында «Бақытты отбасы» бағдарламасының нәтижелері қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Гүлнәр Әбенованың айтуынша, Қостанай кәсіпкерлері мен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер аталмыш бағдарламаны барынша қолдады. Олар тұрғын үйді сатып алуға және жөндеуге, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларды көмірмен, отынмен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге белсене қатысқан.

«Облыста 4 және одан да көп балалары бар 5086 отбасы тұрады. Олардың арасынан кезек бойынша мұқтаж жандарға 50 үй мен пәтер берілген. Жалпы сомасы 93 млн теңгеден асады. Алтынсарин, Әулиекөл, Жітіқара, Қарабалық, Науырзым, Бейімбет Майлин, Ұзынкөл аудандары мен Арқалық, Лисаков, Рудный, Қостанай қалаларының кәсіпкерлері жақсы көмектесті. Сонымен қатар, 16 мұқтаж жанұяның үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған шамамен 3 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жақында ғана Әулиекөл мен Сарыкөл аудандарында тағы екі отбасының пәтеріне жөндеу жүргізілді», - дейді басқарма басшысы.

Таяуда облыста қаржылай мүмкіндігі жоқ көпбалалы және аз қамтылған 454 отбасына қажетінше көмір, отын ағашы түсірілген. Атап айтсақ, 9,5 млн теңгеге 609 тонна көмір және 269 текше метр отын жеткізілген. Мұның сыртында 1 462 отбасы күнделікті азық-түлікпен, 39 отбасы 98 тонна мал азығымен қамтамасыз етілді. Барлығына 28 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. 22 отбасының коммуналдық қызметтер үшін қарызы өтелген және энергиямен жабдықтауды қалпына келтіруге 4,9 млн теңгеге көмек көрсетілді.

«Жылыту маусымы басталып кетті. Осы ретте, тұрмысы төмен отбасыларды көмірмен және отынмен қамтамасыз етуге баса назар аудару қажет. Маған келген мәліметке сенсек, пешпен жағылатын үйлерге арнайы датчиктер орнатылған. Бұл үйлердегі өрт қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету мәселесін күн тәртібінен түсірмеңіздер!» - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жиынды қорытындылай келе.

Соңғы жаңалықтар