«Бақытты отбасы»: Ақтөбеде көпбалалы аналардың алғашқы жарнасы төленеді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Бақытты отбасы» жобасы аясында берілетін пәтерлер дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 98 мыңға жуық салымшы бар. Олардың депозиттегі ақшасы 50 миллиард теңгеге жуықтады. Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Бәйтерек» холдингі арасындағы меморандумға сәйкес, 2 жыл ішінде 2 миллиард теңгеге пәтер беріледі. Жыл басында бюджеттен 200 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға 250 сертификат беруге болады. Бұл сертификат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне алғашқы жарна ретінде жарайды.

«Жыл сайын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 2-3 мың пәтер беріліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Егер 250 сертификат бітіп қалса, қосымша қаржы бөлінеді. Мемлекеттен бөлінген алғашқы жарна қаржысын пәтер иесі кері қайтаруы тиіс», - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов.

«Бақытты отбасы» жобасы аясында көпбалалы, толық емес және мүгедек бала бағып отырған отбасыға пәтер беріледі. Ақтөбе облысы бойынша мүгедек бала бағып отырған 1101, көпбалалы 1752 және толық емес отбасынан 7159 адамы кезекке тұрып, «Бақытты отбасы» жобасы бойынша өз есепшоттарына ақша жинап жатыр. Соңғы кездері пәтер алуға өтініш берген көпбалалы аналар қатары артып келеді.

«Бақытты отбасы» жобасымен пәтер алу үшін салымшы тұрғын үй бағасының 10 пайызын жинауы керек. Сол кезде баспана 2 пайыздық үстемеақымен беріледі. Ақтөбе облысы бойынша пәтер бағасы 10 миллион теңгеден аспауы керек. Сол кезде 20 жылға несие беріледі. Жаңа және екінші нарықтағы пәтер де сатып алуға болады, бұл жолы шектеу қойылмайды. Тек отбасындағы әр адамның табысы 42 500 теңгеден аспауы керек. Бұл бағдарлама бойынша біз әкімдіктің жолдамасымен ғана пәтер береміз», - деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Айта кетейік, «Бақытты отбасы» жобасы бойынша биыл елімізде 6 мың пәтер беріледі. Өтінішті алғаш тапсырған адам осы жобамен пәтер алу мүмкіндігіне ие.

Соңғы жаңалықтар