Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты кезекті сот отырысы кейінге қалды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы кейінге қалды. Бұған оның адвокатының сот отырысына қатыса алмайтыны себеп болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін, 27 қазанда Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты кезекті сот отырысы өтуі тиіс еді. Алайда, отырыс өткен жоқ. Бұған Бақытгүл Хаменованың адвокаты Игорь Вранчевтің денсаулығына байланысты сот отырысына келмей қалуы себеп болды. Адвокат судьяға сот отырысын келесі аптаға ауыстыру туралы жазбаша өтініш түсірген.

Айта кетсек, облыстық соттың баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, биылғы 26 мамырда Атырау қаласының №2 сотына ҚР Қылмыстық кодексі 366-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ҚР Қылмыстық кодесі 367-бабының 2-бөлігімен «Б» ЖШС директорына қатысты қылмыстық іс түсті.

Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымына 2020 жылғы наурызда тағайындалған еді.

Былтырғы желтоқсанда ол тергеу изоляторына қамауға алынды.

Осыған байланысты биылғы тамызда облыс әкімінің орынбасары қызметінен босатылды.

Ал, 11 тамызда Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы басталды. Оның ісі Атыраудағы №2 қалалық сотта қаралып жатыр. Айыптау актісі 55 беттен тұрады.

Алғашқы сот отырысында Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Сот отырысы 6 қыркүйекте қайта жалғасып, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары жіберген қателігі туралы айтты.

Бұдан кейінгі сот отырысында басқарма басшысы оған жала жапқаны туралы айтқан еді.

Кейін Бақытгүл Хаменова тағы да тергеу изоляторынан үй қамаққа жіберілмегенін жазған едік.

Енді Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы келесі дүйсенбіде, 31 қазанда сағат 10:00-де өтеді.


Соңғы жаңалықтар