Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот 5 қыркүйекте қайта жалғасады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы 5 қыркүйекте қайта жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сотта куәгерлер Атырау қалалық мәдениет және спорт бөлімінің есеп және есептеу бөлімінің меңгерушісі Лиза Укешова мен Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жексенбай Фазуловтың жауабы тыңдалды. Олардан өзге үш куәгер белгісіз себептермен сот процесіне келмей қалды.

Енді соттың келесі отырысы 5 қыркүйекте жалғасады.

Бұған дейін 11 тамызда Атырауда облыс әкімінің орынбасары болған Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев пен «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовқа қатысты сот өтіп жатқанын жазған болатынбыз.

Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевтың ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен тергелген. Ал, «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов ҚР Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігімен тергеуге алынған.

Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнатуға бөлінген қаражаттан пара алды деген күдікке ілінген. Ол былтырғы желтоқсан айында ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.

Сотта Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлім етті. Оның ісіне қатысты айыптау актісі 55 бетті құраған.

Соттан Бақытгүл Хаменованың адвокаты Игорь Вранчев өз клиентінің бұлтартпау шарасын өзгертуді, оны тергеу изоляторынан үй қамауына ауыстыруды сұрады. Сондай-ақ, айыпталушы мен оның анасының денсаулығын ескеруді, кәмелетке толмаған балаларының барын алға тартты.

Бірақ, сот адвокаттың Бақытгүл Хаменованы үй қамауына жіберу туралы өтінішін қанағаттандырған жоқ.

Бақытгүл Хаменова 2020 жылдың наурыз айында Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған еді. Ол бұл тағайындауға дейін алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты болған. Бұдан бір апта бұрын облыс әкімінің орынбасары лауазымынан босатылған.


Соңғы жаңалықтар