Бақытбек Смағұл: Жастар жат идеологияның табанында тапталмауы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Ардагерлері қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл ел тарихындағы атаулы оқиға - ҚР Президент сайлауына және мемлекет дамуына қатысты пікірін білдірді.

Ол дәуірлердің ауысуы қашанда жұртшылыққа оңайға соқпайтынын, замана шырғалаңын тек жұдырықтай жұмылған, жігерін жалынға жаныған, көшбасшысының қасиет-қабілетін жазбай таныған ел ғана еңсере алатынын атап өтті.

«Басымыздағы бүгінгі бақ-дәуренді адал бәсекелестіктен қашатын, тұтқиылдан тап беріп, тұңғиыққа тартатын теріс күштердің қитұрқы тірлігінің құрбаны етпейік! Сырттың сөзіне ереміз деп, жат идеологияның табанында тапталып қалмайық! Қазақстан - алға ұмсынып, дамыған ел биігіне бет қойған мемлекет. Біз барлығымыз өрге өрлеген альпинистер сияқтымыз. Бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Егер өзара талас-тартысқа түссек, құзға соғылып, біріктірген алтын арқаудан айырылып, құрдымға құламаймыз ба?»,- деп ой қосты Бақытбек Смағұл.

Сондай-ақ, ҚР Президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімі әлемдік элита өкілдеріне жақсы таныс, мәртебесі биік, сөзі өтімді, пікірі қымбат тұлға екеніне тоқталып, ел болшағын жарқын етеріне сенім білдірді.

Бақытбек Смағұл «Қасым-Жомарт Кемелұлы - тегін адам емес, қоғамға жан-тәнімен қызмет ету, Мемлекет басшысы болу маңдайына жазылған текті тұлға. Ол Елбасымыздың сенімді серігі. Кезінде Ресей, Қытай секілді алпауыттармен арамыздағы мыңжылдықтар бойы құжат жүзінде межеленбеген шекарамызды шегендеу жолында аса ауыр келіссөздерде таңды-таңға ұрып, түнді-түнге жалғап, ел мүддесін қорғап шыққан мемлекеттік қайраткер», - деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел үшін атқарған еңбегін баяндады.

Оның айтуынша, алда жоғары деңгейде Мемлекеттік тіл туралы бес жылға арналған жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылдануы халық көңіліне медеу сыйлайтынын жеткізді. Осы құжатқа сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесін 2023 жылы - 94%-ға жеткізу, қазақ тілді мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының үлесін 2023 жылы - 77%-ға жеткізу және тағы да басқа ірі жетістіктерге жету үшін тың шараларды қолға алу көзделген. Осының барлығы Қасым-Жомарт Кемелұлының президенттігі тұсында іске асатынына сенім білдірді.

«Халық сайлаған Президентімізге алға қойған сан-салалы жаңа міндеттерін орындауға ақ пейілімізбен, адал ниетімізбен мүмкіндік берелік. Алда жаңа жетістіктер үшін бір-бірімізді қуана құттықтап, бір-бірімізден шүйліге сүйінші сұрайтын шақ туады деген сенімдемін!», - деп ел азаматтарын мемлекетіміздің дамуы жолында жұмыла еңбек етуге шақырды.

Әлихан Асқарұлы

Соңғы жаңалықтар