Бақытбек Смағұл балабақшаларға қаражат неге жетпей жатқанын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпаратм – Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Депутаттық сауал мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне қатысты болмақ. Бұл мәселеде үлкен проблема бар екенін өңірлерге барғанда танысып білдім. 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен білім беру мекемелерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесі бекітілген, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары да қамтылған. Бұл әдістеме 2020 жылы Қызылорда қаласында, ал 2021 жылдан бастап облыс бойынша қолданыла бастады. Осы кездегі тәжірибе әдістемеде ескерілмеген бірқатар жәйттарды көрсетті. Жобалық қуаты төмен балабақшаларға осы әдістемемен есептелген қаржы жеткіліксіз. Нәтижесінде, балабақшаларда еңбекақы мен коммуналдық қызметтерге берешектер қалыптасып, қызметкерлердің заңды ренішін тудыруда», - деді Б. Смағұл Білім және ғылым министрлігіне жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, бала-бақшалардағы штат құрылымы ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы 77 қаулысына сәйкес болуы тиіс. Алайда, әдістемемен есептелген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, нақты штат саны көптеген жағдайда қажеттілікке сәйкес емес.

«Министрліктің бұйрығымен бекітілген әдістеме Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын орындамауына әкелуде. Қызметкерлер толық штаттың орнына 0,5-0,75 штат бірлігімен жұмыс істеп, олардың еңбек құқықтары бұзылуда. Бұған қоса, бір Қазалы ауданы бойынша бүгінгі таңда 17 бала-бақшаға жабылу қауіпі төніп тұр. Сонымен қатар, дәл осындай жағдай Түркістан облысында да орын алып отыр», - деді депутат.

«Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 42 бабының 7 тармағына сәйкес, министрліктің қабылданған бұйрығы жергілікті бюджет шығыстарының ұлғаюына әкелуіне байланысты жетіспейтін қаржы республикалық бюджет есебінен өтелуі тиіс. Және де алдағы уақытта мұндай жағдай орын алмау үшін әдістемеде жобалық қуаты төмен бала-бақшалардың нормативіне жоғарылату коэффициенті қолданылуы керек және жылуға қажетті қаржы әдістемеден тыс бөлек есептеліп қаралуы тиіс», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар