Бақыт Сұлтанов: Тауарларды таңбалау жүйесі бюджетке салық түсімін арттырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінің басымдықтарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржы министрлігінің деректері бойынша 2016 жылдан бастап бақылау және қадағалау арқылы ішкі айналымда 30 миллиард теңгеден астам соманың контрафактілік тауары анықталды. Алдағы уақытта елде осындай шығынды тексеру шараларының орнына нарықты тазартатын тиімді жүйе енгізіледі. Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалаудың кешенді жүйесін енгізу болжамға сәйкес 5 жылдың ішінде бюджетке 2,6 триллион теңге құрайтын кумулятивтік әсер беруі керек», - деді Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесі халқымыздың денсаулығына теріс әсер ететін тауарларға тыйым салуды, бизнес үшін жағдайды теңестіруді, тауарлардың сапасы мен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ бюджетке салық түсімдерін арттырады.

«Одан бөлек бұл жүйе бизнес пен мемлекет бюджетіне қосымша кіріс әкелетін нақты мақсаттарды көздейтін мемлекеттік бағдарлама құруды қамтамасыз етеді. Мемлекет қосымша табыс тауып, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде оның қайтарымдылығын мемлекеттік қолдау ретінде қамтамасыз етеді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар