Бақыт Сұлтанов қазақстандықтарды шайбалы хоккейден әлем чемпионатына шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қазақстандықтарды елордада шайбалы хоккейден өтетін әлем чемпионатына шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылы Нұр-Сұлтан қаласы алғаш рет бірінші дивизиондағы ерлер командалары арасында шайбалы хоккейден әлем чемпионатын қабылдайды! Бұл біздің абыройымызды асқақтататын, мерейімізді үстем ететін үлкен спорттық шара болмақ. 29 сәуір мен 5 мамыр аралығында, «Барыс-Арена» мұз сарайында ең үздік хоккейшілерді қабылдаймыз. Байрақты жеңіс үшін Сіздердің қолдауларыңыз қажет! Келіңіздер, спортшыларымызды қолдаңыздар!» - деп жазды қала басшысы Фейсбуктегі парақшасында.

Еске сала кетсек, шайбалы хоккей бойынша 2019 жылғы Әлем чемпионатының матчтарына арналған билеттердің онлайн-сатылымы өткен айда басталған болатын.

Шайбалы хоккей бойынша Әлем чемпионаты Астанада 2019 жылдың 29 сәуірі мен 5 мамыры аралығында өтеді. Әлемдік хоккей додасында Беларусь, Мажарстан, Словения, Оңтүстік Корея, Литва және Қазақстан құрамалары өзара бақ сынасады. Ойындардың қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған қос құрама жоғарғы дивизионға жолдама алып, Швейцарияда 2020 жылы өтетін Әлем чемпионатына аттанады.

Біздің ел тұңғыш рет хоккейден Әлем чемпионатын өткізгелі отыр. Жарысты өткізу құқығын Қазақстан өткен жылы Халықаралық хоккей федерациялары конгресінде (IIHF) алған болатын. Барлық федерациялар бірауыздан Қазақстанның өтінімін мақұлдаған еді.

Соңғы жаңалықтар