Бақыт Сұлтанов қала тазалығы туралы: Қар кетіп еді, бүкіл былық шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімі қала тазалығын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жерасты суының деңгейі көтеріліп, жауын-шашынның көбеюіне байланысты тұрғындардың коммуналдық қызметтерге қатысты шағымдары көбейді. Атап айтқанда, тек қана 31 наурыз күні тұрғындардан 909 шағым келіп түсті. Өткен аптаның ішінде аудан әкімдері 750 өтініш-шағым бойынша жұмыс істеді. Дегенмен, әлеуметтік желілерде санитарлық тазалықтың жоқтығына қатысты арыз-шағым көбейіп отыр», - деді қала әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек әкімдік аппаратының отырысында.

Әкім орынбасары Бақыт Сұлтановтан аталған кемшіліктерді жою мақсатында аудан әкімдеріне тиісті тапсырма беруді өтінді.

«Бүгінгі күні қала бойынша 1842 аула алаңында 10 477 қоқыс контейнері орнатылған. Қазіргі уақытта қоқыс шығаруға қатысты тұрғындардың шағымы көбейіп кетті. Бұған қатысты әлеуметтік желілерде жазбалар мен фотосуреттер дәлелі аз емес. Бұған себеп - қоқыстың уақытында тазаланбауы. Тағы бір айта кетерлігі - контейнердің өзі бос, бірақ оның жан-жағы қоқысқа толып жатады. Тағы бір себеп - тазалыққа жауапты мердігер компаниялардың әлі күнге дейін толық анықталмауы», - дейді ол.

Өз кезегінде қала әкімі Бақыт Сұлтанов аталған проблема жауапты тұлғалар уақытында жұмыс істемегендіктен туындағанын айтып өтті.

«Көктем келіп, қар еріп еді, артынан бар былық шықты. Қазір қала толған қоқыс пен балшық, саз. Мен арнайы мобильді топ құрып, тексеруді тапсырдым. Экрандағы суреттен қараңыздаршы не болып жатқанын. Осының бәрі - уақытылы жұмыс істелмегендіктен. Әйтпесе қаражат бар, ресурс бар, қажетті мамандар да бар. Аудан әкімдері, қайда қарап отырсыздар?»,- деді Б.Сұлтанов.

Одан бөлек, шаһар басшысы қала көшелерін су басу мәселесін де тілге тиек етті.

«Жыл басынан бері көшелерді су басу бойынша тұрғындардан 2844 шағым келіп түсті, оның ішінде Байқоңыр ауданы - 623, Сарыарқа ауданы - 861, Есіл ауданы - 613, Алматы ауданынан - 887 шағым. Біз халыққа есеп беру кезінде бұдан былай Астана Венецияға айналмайды дегенбіз. Енді не болды? Бұл тазартушы компаниялардың қарды уақытылы шығармауынан туындап отыр. Осы жағдай жыл сайын қайталанады, бұны жүйелі түрде шешуге болмай ма?», - деді әкім.

Қала әкімі сөз соңында жауапты тұлғаларға мәселені жүйелі түрде шешу керектігін айта келе, аудан әкімдеріне нақты тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар