Бақыт Сұлтанов қабылдауына келген азаматтардың бәрімен жеке консультация өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бірыңғай азаматтарды қабылдау күнінде ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қабылдауда болғандардың бәрімен жеке консультация жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірінші болып қабылдауға Қоршаған ортаны қорғау, мониторинг және табиғи ресурстарды басқару саласындағы тәуелсіз консалтинг компаниясының өкілі жазылды. Ол сынақ зертханасының «аккредиттеу саласын» (құжаттарды) ресімдеу мәселесін түсіндіруді сұрады. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, сондай-ақ кездесуге қатысып отырған Техникалық реттеу және метрология комитетінің басшысы Арман Шаққалиев стандарттарды қолданудың ерекшеліктерін түсіндірді.

Консалтинг компаниясының өкілі әртүрлі ведомстволардың ҚР СТ 2036 (Ауаның ластануын бақылау басшылығы) стандартын қолдану саласын әр түрлі түсіндіретініне шағым жасады. Әңгімелесу барысында стандартты қолдану саласын түсіндірудің бірыңғай ұстанымын жасау үшін стандартты әзірлеушілерді (Техникалық реттеу және метрология комитеті), Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен аккредиттелген сынақ зертханалары өкілдерін шақыра отырып, Сауда және интеграция министрлігінде кеңес өткізу туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ, министрге металлургия өндірісі қалдықтарын қайта өңдеумен және қалдықтардан әртүрлі шлак өнімдерін жасаумен айналысатын компанияның өкілі де өтініш білдірді. Бұл өнім одан әрі автомобиль жолдарын салуда, цемент, минералды өнім және бетон өндірісінде қолданылатын болады.

Министр, бизнес өкілін мұқият тыңдап, компанияның өнімі терең қайта өңделетін өнім болып табылмайтындықтан компания толық қолдау көлемін алатын экспорттаушылар тізіліміне қосылмайтынын айтты. Алайда, бұл компания металлургия өнімі қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатындықтан, оның қызметі елдің экологиясын жақсарту үшін аса маңызды. Бақыт Сұлтанов өнімнің ішкі нарыққа шығарылатынына қызығушылық танытып, оны қазақстандық цемент зауыттарына, құрылыс материалдарын және автожол саласы материалдарын шығаратын кәсіпорындарға жеткізу мүмкіндігін ойластыруды ұсынды.

«Егер сіздердің түйіршіктелген шлактарыңызбен цементіміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қол жететін болса, онда Қазақстан бұл цементті - қосылған құны барынша жоғары өнімді экспортқа шығара алады. Бұл ретте, сіздің компания өнімін толығынан өткізе алатын болады. Яғни, бизнестеріңіздің жұмысы қамтамасыз етіледі, өнімді одан әрі өткізу тізбесінің сапасы артатын болады және өндірістік қалдықтар-үйінділер жинақталып қалмайды», - деді ол.

Бұл мәселені Жұмыс тобында пысықтау қажет деп шешілді, оның құрамына Сауда және интеграция министрлігінің, «QazTrade»» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, автожол саласының, құрылыс индустриясы және басқа да мүдделі салалар мен құрылымдардың өкілдері кіретін болады.

Сондай-ақ, Бірыңғай азаматтарды қабылдау күнінде министрге Қазақстанда өндіріс ашуды енді ғана жоспарлап отырған кәсіпкерлер де өтініштерін білдірді. Олар көршілес мемлекеттерде бірқатар өнім түрлерінің импортына талдау жүргізуге жәрдемдесуін сұрады.

«Егер экспортты қоса алғанда жақсы өткізу нарығы болаты болса, біз бұл өнімдер өндірісіне үлес қосуға дайынбыз. Біздің шетелдік жақсы әріптес-инвесторларымыз бар», - деді кәсіпкерлер.

Тағы бір қабылдауға келген азамат Бақыт Сұлтановтан өнер шығармалары экспортын жеңілдетуге көмектесуді сұрады.

«Біздің суретшілердің картиналарын Қазақстанда ешкім сатып алмайды, бірақ олар елімізде кеңінен танымал. Алайда, оларды шетелге шығару – кеденнен өткізу үлкен проблемаға айналуда. Тіпті Алматы Арбатының суреттерін де шығару өте қиын. Ал, суретшілердің еңбегі – экспорт өнімі болып табылады», - деді ол.

Министр өзінің экспортты жылжыту мәселесіне жетекшілік жасайтын орынбасарына осы мәселені зерделеуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар