Бақыт Сұлтанов цифрландыру саласындағы әкімшілендіру тиімділігін жақсартуға уәде етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Салық-кедендегі бизнес-процестерді цифрландыру шаралары саладағы әкімшілендірудің тиімділігін арттырады.  ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында 2017 жылда республикалық бюджеттің орындалуы талқылану кезінде ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуының негізгі мақсаттары - экономиканың және әлеуметтік әл-ауқаттың өсуінің оң қарқындарын сақтап қалу, дағдарыстан кейінгі даму үшін жағдай жасау болды. Нәтижесінде, экономиканың өсуі 4 пайызды құрады. ЖІӨ-нің осындай өсіміне сыртқы факторлардан басқа, өнеркәсіптің 7,1 пайызға және қызмет көрсету саласының 2,7 пайызға өсуі ықпал жасады. Бюджеттің кірістері 9,7 трлн теңгеге жетті. Оның 48 пайызы трансферттерге келеді.  Бюджеттің кірістерінің әлі де болса Ұлттық Қордан тартылатын трансферттер мен шикізат секторынан тәуелділігі, салықтық әкімшілендірудегі біраз кемшіліктер туралы сіздердің айтқан ескертулеріңіз орынды. Өткен жылы қабылданған Жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру жолымен бизнестің тұрақты дамуына, инвестицияларды ынталандыруға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы осы өзгерістерді іске асыру арқылы кәсіпкерлердің қызметтеріне араласпау және бизнес процестерді цифрландыру есебінен салықтарды жинауды ұлғайту жоспарлануда. Олардың көлемі үстіміздегі жылы Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда 17%-ке жеткізіледі. Әрі қарай 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 25%-ке дейін көтеру шаралар қабылданатын болады.

Нәтижесінде, біржағынан салықтардың ішіндегі шағын және орта бизнестен түсетін кірістердің үлесі ұлғайтылады, екінші жағынан бюджеттің мұнай және басқа да шикізат секторларына тәуелділігі төмендейді.

«Есепті жылы бизнес жүргізу үшін жасалған қолайлы жағдай шағын және орта бизнес санының 6,4 %, яғни 12 117 заңды тұлғаға (2016 жылы - 188 377, 2017 жылы - 200 494) өсуіне себеп болды. Биылғы жылы маңызы зор бірқатар ақпараттық жүйелер өз жұмысын бастады, кейбірі пилоттық режімде іске қосылды. Мәселен, қосымша құн салығы әкімшілендіруінің процестерін жетілдіру мақсатында «Электрондық шот-фактуралар» және импортталған тауарларды қадағалау жүйелері іске қосылды. Бұл жүйелер операциялардың айқындығын және әртүрлі схемалардың жолын кесуге ықпал жасайды», - деді ведомство басшысы.

Тауарларды өткізуде 100% электрондық шот-фактуралар жазып берген салықтөлеушілерге осы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап ҚҚС қайтару мерзімі 30 жұмыс күніне дейін қысқарды.

«Салық төлеушілердің шағымдарын объективті түрде қарау және оларды қорғау үшін өткен жылдың екінші жарты жылдығынан бастап Қаржы министрлігінің жанында Апелляциялық комиссия өз жұмысын бастады. Жоғарыда айтылған салық-кеден саласындағы бизнес-процестерді цифрландыру шаралары осы саладағы әкімшілендірудің тиімділігін арттырады деп сіздерді сендіргім келеді», - деді Бақыт Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар