Бақыт Сұлтанов: Бюджет қаржысының игерілмеуі жылда қайталанады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың қаржылық жоспарлау мен атқару дисциплинасының проблемалары жылда қайталанады. Бұл туралы Үкімет отырысында І тоқсандағы бюджет қаржысының игерілуі жайлы баяндаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«95 млрд теңге бюджет қаражаты игерілмеді. Оның 6,5 млрд теңгесі - үнемделген қаржы. Ал, нақты игерілмеген сома 88,9 млрд теңгені құрап отыр. Бұл - 2017 жылдың 1 сәуіріндегі көрсеткіштен (47 млрд.теңге) 1,8 есе көп. Осы соманың 62,1 млрд теңгесі Қорғаныс министрлігіне тиесілі. Басты себебі - мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың 12 ақпанға бекітілуіне байланысты конкурстардың кеш өткізілуі», - деді Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, игерілмей қалған қаражаттың 20 млрд теңгесі Мәдениет және спорт, Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым, Әділет министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қалыптасқан.

«Осы проблеманы біз жыл сайын көтереміз. Бірақ, айтылған мемлекеттік органдардың қаржылық жоспарлау мен атқару дисциплинасының проблемалары жылда қайталанып отыр. Бұл мәселеде орталықтағы қаржы саласындағы әріптестерімізді жергілікті мамандардан үлгі алуға шақырамын. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 823 млрд теңгеге игерілді. 20 млрд теңге орындалмады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға жақсарды», - деді Бақыт Сұлтанов.

фото:primeminister.kz

Соңғы жаңалықтар