Бақыт Сұлтанов астаналықтардың басты проблемасын қалай шешетінін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов көлік жүйесін жаңғырту мәселелері қаралған мәслихаттың кезекті отырысында елордалықтардың басты түйіткілдерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.

Мәслихат отырысында әкім қала маңындағы елді мекендерді дамытуға екпін берілетінін атап өтіп, алдағы уақытта Ильинка мен Лесозаводты аралап көретінін жеткізді. Оның айтуынша, елордада көлік коллапсы аса өзекті болып табылады. Бірақ мәселені шешу өте оңай.

«Бүгін, қала тұрғындары мен қонақтары үшін бірінші кезекте ыңғайсыздық тудырып отырғаны - көлік коллапсы. Ата-аналар балаларын балабақшаға, мектепке күнделікті жеткізіп салғанда мұны көріп отыр. Кеше әдейілеп 17 мектеп пен Республикалық физико-математикалық мектептің жанынан өттім. Шынтуайтында, көптеген проблемалардың шешімі оңай. Тек кабинеттерден шығып, көшені аралап, жағдайды қағазға түсіру керек. Мектеп басшылығымен, ата-аналармен кездесіп, келісу қажет. Көп жағдайда проблеманы өзіміз жасап отырмыз», - деді Б.Сұлтанов.

Әкім мектептер маңайын қарап шыққаннан кейін бірбағытты жолдар көлік қозғалысын дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік беретініне көзі жеткенін айтты. Оның есептеуінше, жарты сағаттың ішінде 85 пен 180-інші мектептер айналасына 70-80 көлік жиналған.  

«Әрине, School Bus-ты енгізу, қоғамдық көлік санын ұлғайту және жол қозғалысын жеңілдету бойынша жүйелі шешімдерді ойластырып жатырмыз. Тиісінше, машиналар саны азаятын болады», - деп қосты ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, мәслихат отырысында қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун алдағы уақытта Астананың сол жағалауында алты автожол бірбағытты болатынын айтты. Бүгінде оң жағалауда бір бағыттағы алты жол бар. 

Соңғы жаңалықтар