Бақыршық кен орнында алтынның алғашқы тоннасы өндірілді - ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданындағы «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында» алтын металының алғашқы тоннасы өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бақыршық кен орны үстіміздегі жылдың 25 маусымында салтанатты жағдайда іске қосылған болатын.

Кен орны алтын өндірудің өте күрделі технологиясымен сипатталатыны белгілі. Кеніштің жарты ғасырлық тарихы бар. Бірақ «Полиметалл» компаниясына дейін қымбат металдың ауқымды өндірісін бұл жерде ешкім іске асыра алмаған.

Айтулы оқиғаның құрметіне кен-байыту кешенінің цехында «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің барлық бөлімшелерінің қатысуымен митинг өтті. Онда «Полиметалл УК» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Виталий Савченко мен Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов құттықтау сөз сөйледі.

«Бақыршық кен орнын игерудің көп жылғы тарихында алғаш рет бағалы металл неғұрлым ірі мөлшерде өндіріліп отыр. Бұл Қазақстандағы қоры бай кен орындарының бірінде өнеркәсіп өндірісінің басталғандығын көрсетеді», - деді аудан әкімі Нұрлан Сыдықов.

Айта кетейік, Бақыршық кен орны биыл Шығыс Қазақстан облысының 273 мектебінде робототехника сыныптарын жарақтандырды. Бұл тізімде Жарма ауданының 14 мектебі де бар.

 

Соңғы жаңалықтар