Бакудегі Приморье бульварында қазақтың киіз үйі тігілді

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – Баку қаласының Приморье бульварында (Dəniz Vağzalı маңы, Reyhan мейрамханасына қарама-қарсы) Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуын мерекелеу аясында қазақтың киіз үйі тігілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі болғандай, 2022 жылғы тамыздың 6-31 аралығында киіз үйде «Welcome to KZ» ақпараттық-туристік орталығы ашылып, онда екі көрме өткізу жоспарлануда.

Оның бірі – тұрақты көрмеде Қазақстанның жарқын жерлері туралы стендтер, Шымбұлақ тау шаңғысы курорты (Алматы), Байқоңыр ғарышайлағы, «Қыран» сұңқар орталығы (тірі сұңқармен және виртуалды шындық әлеміндегі сұңқармен аң аулау), «Esentai Mall» сауда ойын-сауық орталығы (Алматы қ.), «Air Astana» туристік бағыттары ұсынылса, апта сайынғы өзгерістер болатын көрмеде Алматы және Шымкент қалалары, Алматы, Түркістан және Маңғыстау облыстары өздерінің туристік әлеуетін көрсетіп, мәдени, концерттік және ойын-сауық бағдарламаларын өткізеді.

Көрмеге келушілер қазақтың салт-дәстүрімен танысып, бейнероликтер тамашалап, әуен тыңдап, Ұлы Дала елінің ұлттық тағамдарынан дәм татып, ежелгі көшпенділер әлеміне еніп, кәдесыйлар алуға мүмкіндік алады.

Іс-шаралар Қазақстан елшілігі, «Discover Almaty» туристік компаниясы, «Эйр Астана» әуе компаниясы және Қазақстанның Әзербайжандағы Сауда үйінің қолдауымен өткізілуде.


Соңғы жаңалықтар