Бакуде және Абшерон түбегінде дауыл соқты

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – Әзербайжанның ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің мәліметінше, ел аумағында ауа райы күрт өзгеріп, нөсер жауын жауды. Кей жерлерде солтүстік-батыстан соққан жел күшейіп, дауыл елдің кей жерлерінде ағаштар, электр желісіне зақым келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Баку мен Абшерон түбегінде күні бойы солтүстік-батыстан жел соғып, қала тұрғындары мен ел билігіне қолайсыздық тудырды. Қатты желдің салдарынан Бакуде 15 ағаш құлаған. Олардың кейбіреуі құлаған кезде электр желісінің бағандарын қиратқан. Жергілікті билік құбылмалы ауа райының салдарын жоюға кірісті.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Бакуде жол-көлік оқиғалары тіркелді. Мәселен, қатты жел мотоциклді ұшырып, жанындағы көлікке соққан. Салдарынан жүргізуші жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ дауыл салдарынан жүк көлігінің тіркемесі аударылған. Қазіргі мәлімет бойынша, ешкім зардап шеккен жоқ, бірақ көлікке қатты зақым келді.

Жалпы, солтүстік-батыс желдің жылдамдығы кей жерлерде 28-30 м/с жетті, «Мұнай тастары» метеорологиялық стансасының мәліметтеріне сүйенсек, Каспий теңізіндегі толқындардың биіктігі 4-5 метрге жеткен.

Әзербайжан экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Гидрометеорологиялық болжамдар бюросының директоры Гүлшад Мамедованың айтуынша, күні бойы солтүстік-батыстан жел соғады. Желдің жоғары жылдамдығы 30-35 м/с жетеді, алайда кешке жел бәсеңдейді. Сонымен қатар көптеген өзендерде нөсер жаңбырдың салдарынан су деңгейі көтерілді. Эрик, Асрикчай, Жырдахан, Күрекчай, Гянджачай, Алаханчай өзендерінде қысқа мерзімді сел мен су тасқыны байқалды.

Әзербайжанның солтүстік аймағында түннен бері қар жауып тұр. Таулы аудандарда орналасқан елді мекендерге апаратын жолдарда қозғалыс қиындаған. Сондай-ақ Шахдаг пен Қыналыда қар жауды, қар жамылғысының биіктігі үш-бес сантиметр болды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Әзербайжанның ұлттық гидрометеорология қызметі мен Мемлекеттік теңіз агенттігі (ГМА) елдегі, оның ішінде Каспий теңізі акваториясындағы ауа райының нашарлауы туралы ескерткен болатын.


Авторы Серікбол Қошмағанбетов


Соңғы жаңалықтар