Бакуде Семей полигонының жабылу тарихына арналған кездесу өтті

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Бакудегі Елшілігінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толуына арналған кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігі ұйымдастырған дөңгелек үстелде Шығыс Қазақстан облысындағы Семей ядролық сынақ полигонының аумағында жүргізілген ядролық сынақтардың ауқымды әсері талқыланды. Шараға Әзербайжанның мемлекет және ғылым қайраткерлері, сарапшылар қауымдастығы мен зиялы қауым өкілдері қатысқан болатын.

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Семей ядролық полигонын жабуға белсене қатысқан тұлғалар туралы мәлімет берді.

«Семей полигоны жабылған 30 жыл ішінде антиядролық қозғалыстың үні күн сайын қатты естіліп келеді. Қазақстан бұл істе әлемдік ауқымдағы көшбасшы ретінде кезекті ядролық қару жарысының тұтануына жол бермеу үшін күресуге дайын. Қарусыздану және таратпау ісіндегі еліміздің тарихи мұрасы бүкіл әлем үшін шабыттандырушы үлгі болып қала береді», - дед Елші.

Шара қонақтарына британдық режиссер А.Сингердің «Where the Wind Blew» («Желдің бағытымен») атты деректі фильмі көрсетілді. Онда АҚШ-тың Невада штатында және Қазақстанның Семей қаласында ядролық сынақтардың тұтас халықтың тағдыры мен қоршаған ортаға әсері туралы баяндалған. Кездесуге қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбілфас Хамедов Қазақстан ядролық қарудан Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында өз еркімен бас тартқанын айтты.

«Біздегі қаруды сақтап қалу үшін қандай уәделер берілгені есімізде. Бір ол басқа жолмен жүрді және ол жолдың дұрыс екенін бүкіл әлем мойындады. Қазақстанда Әзірбайжан шекаралас аудандарынан жер аударылған 250 мың әзірбайжандық тұрады. Бүгінде Қазақстанда достық пен ұлтаралық келісім бар, бұл Қазақстан мен Әзірбайжан арасында одан әрі жүзеге асырылуы тиіс», - деді А.Хамедов.

Ал «Халықаралық қатынастарды талдау орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Фарид Шафиев Қазақстандағы полигонның жабылуы бүкіл өңір үшін маңызды болғанын атады.

«Қазақстанның ядролық қарусыз елге айналуының символдық, саяси және әскери стратегиялық мәні бар. Әлі күнге дейін ядролық қару мен технологияны сатып алғысы келетін елдер бар. Қазақстанның тәжірибесі елдің қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын ядролық қарусыз-ақ қамтамасыз етуге болатынын көрсетті. Қазақстан мен Семей полигоны – бұл жай ғана тарих емес, бүгінгі қауіпсіздіктің кепілі», - деді сарапшы.

Саяси сарапшы Фархад Маммадов 30 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан билігі ядролық қарусыздану туралы тарихи шешім қабылдағанын атап өтті.

«Қазіргі геосаясатта ядролық қару – қауіпсіздіктің басты элементі деген пікір бар. Ондай қаруы жоқ елдердің тұрақтылығына, аумақтық тұтастығына алаңдамай отыра алмайды деген пайымдар айтылуда. Дегенмен, 30 жыл бұрын қабылданған шешім әлі де өзекті. Ресейдің мен Қытайдың АҚШ-пен қарым-қатынасындағы дағдарысы күшейіп тұрған кезеңде бұл қадам дұрыс шешім болғанын көрсетіп отыр. Яғни, ядролық қарудың болмауы ғана оның қолданылмайтынына кепіл бола алады», - деді Ф.Маммадов.

Шара соңында қатысушыларға Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Елшілік ұйымдастырған фотоэкспозиция мен қазақтың ұлттық дастарханы көрсетілді.

Еске салсақ, осыдан тура 30 жыл бұрын, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы»тарихи Жарлыққа қол қойған болатын. Полигондағы ядролық сынақтардың жалпы саны 456-ға жеткен болатын. Мұнда жарылған зарядтардың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе көп еді.


Соңғы жаңалықтар