Бакуде Қазақстанның әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту туралы заң үлгісі таныстырылды

Фото: None
БАКУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясының әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясының (ТүркПА) отырысына қатысып, «Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту туралы» заң үлгісін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ТүркПА отырысында Ләззат Рамазанова Қазақстан Парламенті атынан «Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту туралы» заң үлгісін таныстырды.

Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік сала бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер қабылданғаннан кейін, өткен жылғы 24 шілдеден бастап заң тұрғысынан реттеле бастады.

Ұйымға мүше елдердің ұлттық заңнамасын бірізділікке келтіру Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясының қызметіндегі басты бағыт болғандықтан, қазақстандық тарап әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша тиісті заң үлгісін әзірлеген болатын.

Аталған заң үлгісі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту тетіктерін бір жүйеге келтіру және заңнамалық тұрғыдан реттеу мақсатында әзірленген.

Бұл заң үлгісінде әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж азаматтарды жұмыспен қамтумен қатар, әлеуметтік бағыттағы бизнестің де қызметін реттеу қарастырылған.

Яғни, заңда қажетті мемлекеттік қолдаудың жүйелі шараларын реттеу және әлеуметтік жаңашыл жобаларды кеңінен енгізу көзделген.

«Қазақстан тарапы аталған заңның ортақ әлеуметтік құндылықтарымызды нығайтуға, Түркітілдес елдердің аясында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың механизмдерін жүйеге салуға және оны реттеуге мүмкіндік беретініне үміт білдіріп отыр», - деді Ләззат Рамазанова.

ТүркПА комитетінің мүшелері Қазақстан тарапынан ортаға салынған ұсынысқа қолдау танытты.

Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясының әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясының (ТүркПА) келесі 10-шы отырысы 2023 жылғы мамырда Қазақстанда өткізілмек.

Онымен қоса, іссапар барысында Ләззат Рамазанова Әзірбайжан Милли Мәжілісінің депутаттарымен, ТүркПА парламентарийлер тобының мүшелері – М.Ибрагимгызы және С.Велиева ханымдармен, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы кәсіпкер әйелдер комитетінің төрайымы С.Бабаевамен кездесіп, іскер ханымдарға өзара қолдау көрсету, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты халықаралық шарттардың орындалу жайын талқылады.

Сондай-ақ кездесу барысында парламентарий тобы мен Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының комитет мүшелерінің осы жылғы 2 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ECOJER халықаралық экологиялық конгресіне қатысуы жайлы келісім жасалды.

Айта кетейік, осыған дейін Ыстамбұл қаласында Ләззат Рамазанова мен «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директоры Алия Эль-Ясирмен екіжақты кездесуі өткен болатын.

Кездесу барысында «Ұрпақ теңдігі» жаһандық форумы аясында Қазақстан Президенті жариялаған міндеттемелерді іске асыру жолдары талқыланды.

Естеріңізге салсақ, бұл форумды Франция және Мексика Үкіметтерімен бірлесе «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы ұйымдастырған болатын.

Оның аясында еліміз Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл коалициясы мен Экономикалық әділеттілік пен құқықтар жөніндегі іс-қимыл коалициясына қосылатынын мәлімдеген.

«Еліміздің барлық өңірінде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының құрылуы Қазақстан Президенті мәлімдеген бастамалардың тәжірибелік түрде іске асырылуының көрінісі. Қысқа уақыт ішінде мыңнан астам әйелге (олардың үштен бірі әлеуметтік тұрғыдан көмекке мұқтаж топтан) көмек көрсетілді. Әрине, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы осындай бастамаларға айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Осы орайда әріқарай да бірлесіп іс атқаратынымызға үмітім зор», - деп атап өтті Ләззат Рамазанова.

Сондай-ақ кездесуде Гендерлік білім орталығын Алматы қаласында ашу жайы да қозғалды.

Бұл өз кезегінде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған халықаралық озық тәжірибелерді енгізуге септігін тигізбек.


Соңғы жаңалықтар