Бакуде қазақ-әзербайжан достығына арналған мәдени-ағартушылық кеш өтті

None
БАКУ. ҚазАқпарат - Бакудегі ағайынды Новрузовтар атындағы №36 мектепте «Олимпиадалық мәдени-білім беру бағдарламасы» аясында қазақ-әзербайжан достығына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұйымдастырушылар мерекені Әзербайжан мен Қазақстанның мемлекеттік әнұрандарымен, сондай-ақ Әзербайжанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімімен бастады.


Шараның негізгі бөлігінде қазақ халқының ұлттық дәстүрі – Тұсаукесер рәсімі өткізілді. Одан кейін студенттер садақ ату сайысына қатысты.
Мәдени-ағартушылық кеште қазақ және әзербайжан ән-билері орындалды. Шараға Ақтау қаласынан №36 мектептің «Шұғыла» би тобы, «Қос перне» домбырашылар ансамблінің өнерпаздары, сондай-ақ мектеп мұғалімдері келді.
Мектеп фойесінде ұйымдастырылған арнайы көрмеге балалардың Қазақстан туралы салған суреттері қойылып, кешке шығармашылық көрік қосты. Ал мектеп ауласына жиналған киіз үй көшпелі түркілердің тұрмыс-тіршілігі атмосферасын тудырды. Осының бәрі қонақтар мен қатысушылар бойында достық пен бауырмалдық сезім ұялатып, оларды мерекелік көңіл-күйге бөледі.

Концерттік бағдарламаның соңында сөз алған Әзербайжан Милли Меджлисінің депутаты Ульвия Гамзаева Қазақстанның Әзербайжан үшін орны ерекше екенін, оның басты себептерінің бірі 20 ғасырдың қиын 20-30-шы жылдарындағы қуғын-сүргін кезінде қазақ жері мыңдаған әзербайжандарға пана болып, екінші отанына айналғанын атап өтті.
Кешті ұйымдастырушылар Әзербайжан мен Қазақстан достығын дәріптейтін шара ұлттық тамыры, құндылықтары ортақ, мәдениеті, тілі мен діні бір-бірімен тығыз байланысты екі халықтың бірлігі тұрғысынан жоғары бағаланып отырғанын, бүгінгі жас ұрпаққа ортақ түркілік сана мен осы бірлікке адалдық қажет екенін атап өтті.
Шараға Әзербайжан Парламентінің депутаттары, Әзербайжан Республикасы Олимпиада комитетінің, Ғылым және білім министрлігінің, атқарушы биліктің өкілдері, газет-журналдар редакторлары, Қазақстан Республикасы Елшілігінің дипломаттары, сондай-ақ Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Соңғы жаңалықтар