Бакуде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша бірқатар келісімдерге қол жеткізілді

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияны әзірлеу бойынша 20 жыл бойы жүргізілген келіссөздер жақын күндері қорытындыланады. Себебі, Каспий маңы елдері бірқатар даулы мәселелер бойынша ортақ келісімге келді. Бұл туралы бүгін Бакуде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияны әзірлеу бойынша Арнайы жұмыс тобының 39-шы отырысында Әзербайжан Сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов пен Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Рахимпур мәлімдеді.

И.Рахимпурдың айтуынша, Баку қаласында өткен жиында тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның 6 пункті бойынша ортақ келісімге келді. Х.Халафов бұған дейін де айтылып келген Астрахань декларациясы бойынша Каспий маңы елдерінің Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы Конвенциясы бүгінгі жиында да кеңірек талқыланғанын атап өтті. Оның айтуынша, соның ішінде, су ресурстарын пайдалану және экологиялық сұрақтарға қатысты мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілді. «Біз Конвенцияның 6 пункті бойынша ортақ келісімге келдік. Бұл мәселелер қатарына теңіз түбі мен айдынын бөлу, биологиялық қорлар, гидрометрология, төтенше жағдайлар, кемелердің жылжуы, қауіпсіздік мәселелері, т.б бар», - деді Х.Халафов. «Конвенция бойынша барлық жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтап, оны Астана қаласындағы кезекті саммит барысында қабылдай алатынымызға үміттіміз», - деді Х.Халафов. Еске сала кетейік, 4-5 наурыз күндері Баку қаласында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияны әзірлеу бойынша Арнайы жұмыс тобының 39-шы отырысы өтті. Отырысқа Әзербайжан Сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов, Қазақстаннан ҚР СІМ ерекше тапсырмалар бойынша Елшісі Зүлфия Аманжолова, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Рахимпур, Түркіменстан президенті жанындағы Каспий мәселелері бойынша мемлекеттік кәсіпорын басшысы Мурад Атаджанов пен Ресей президентінің шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі арнайы өкілі Игорь Братчиков қатысты.

Соңғы жаңалықтар