Бакуде «Алаш Орда» туралы әзербайжан тіліндегі кітаптың тұсауы кесілді

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат - Әзербайжандағы Қазақстанның елшілігінде әзербайжан тіліндегі «Алаш Орда: қазақ мемлекеттілігінің құрылымындағы маңызы мен тарихы» атты кітап таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстан елшілігі әзербайжан тіліндегі кітаптар сериясын жарыққа шығарып жатыр. Ол кітаптар қазақ мемлекеттілігінің құрылуына, тарихи тұлғалар мен ғылым өкілдеріне арналған. Сол кітаптардың бірі - «Алаш Орда» тарихына арналып отыр.

Қазақстан Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы бастамаларын жүзеге асыру мақсатында әзербайжандық оқырманға осы елдің ақыны әрі драматургы Гусейн Джавидтің қазақ тіліндегі жинағы жол тартты. Кітапты Әзербайжан Республикасының Ұлттық академиясы және ҚР елшілігінің көмегімен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дайындаған.

Кітаптың таныстырылу шарасына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ӘР Президент Әкімшілігінің өкілдері, ӘР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Иса Габибейли, ӘР Ұлттық ғылым академиясының жетекші құрамы, әзербайжандық ЖОО-лардың студенттері мен профессорлық-тәлімгерлік құрамы қатысты.
null

Әзербайжандағы Қазақстанның елшісі Бейбіт Исабаев жиналған жұртшылыққа кітаптың мазмұны туралы айта келе «Алаш» партиясының өз ниеттестерін тарта білгенін, зиялылар қазақ халқының мүддесі үшін қатерге қарсы тұрғанын, Алаш зиялыларының ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруда зор еңбек сіңіргенін атап өтті. Алаштың бағдарламалық мақсаттары - еркін әрі тәуелсіз мемлекет құру турасындағы қазақ халқының баяғыдан бергі арманымен ұштасқаны айқын.

«Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты энциклопедиялық парктің құрылуына бастамашылық еткен болатын. Онда көрнекті тарихи тұлғалардың құрметіне ашық аспан астында мүсіндік ескерткіштер қойылып, олардың жетістіктері жазылатын болады. Алаш орда зиялылары да осы саябақта лайықты орын алатынына сенімдімін», - деді Б.Исабаев.
null

Қазақстанда 2017 жылы Алаш партиясының құрылуының 100 жылдығы мен Әзербайжан Демократиялық Республикасының құрылуына 100 жыл толуын салыстыра келе Қазақстан елшісі осы тарихи кезеңдер екі елдің мемлекеттілігінің тарихында ерекше орын алатынын айтып өтті.

Сонымен бірге, елші Гусейна Джавидтің кітабы жайлы сөз қозғап, аталмыш кітап латын қарпінде - қазақ тілінде шыққан алғашқы кітаптардың бірі екенін атап өтті.

Әл-фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов 2018 жыл - бүкіл түркі әлемі үшін айрықша болғанын айтып өтті.

«Бізді көп құндылық біріктіріп отыр. Ең алдымен, ол құндылықтар - тарих, мәдениет, тіл. Туыстас халықтардың тарихын және мәдениетін зерттей отырып, біз ортақ тарихымыз бен мәдениетімізді қалпына келтіріп, халқымызбен таныстыру жолдарын табамыз. Сонымен қатар, қазақ және әзербайжан халқының мәдениеті мен тарихын бөлек қарастыру дұрыс болмас еді. Қазіргі уақытта Қазақстан Президентінің бастамасымен елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданды. Оның басты мақсаты - ұлттың рухани жаңаруы. Осы бағдарламаны дамыту бағытында Қазақстан Президенті жақында «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады. Бұл бағдарламалық құжаттар біздің халқымыздың рухани жаңғыруын көздейді. Рухани қайта жаңарусыз, тәуелсіз және қазіргі заманғы мемлекет құру оңай емес. Адамзат өркениетіндегі біздің халықтарымыздың тарихы, рөлі мен орны туралы зерттеулер жүргізудің нақты міндеттері қойылды. Қазақ халқының тарихын бүкіл түркі әлемінің тарихынан бөліп жаруға болмайды. Біз елімізді бүкіл түркі әлемінің бір бөлігі деп санаймыз», - деді Ғ.Мұтанов.

Қонақтар осындай маңызды жобаларды жүзеге асыру - екі елдің халықтарының жақындасуын және бауырлас елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Бұдан басқа Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Әзербайжанның Ұлттық ғылым академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Автор: Бекбау Тайманов

Соңғы жаңалықтар