Бақтықожа Ізмұхамбетов кезектен тыс сайлау өткізудің басты қажеттіліктерін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ардагерлер ұйымының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов кезектен тыс Президент сайлауын өткізудің басты қажеттіліктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігінің президиумын өткіздік. Бұл президиумда қаралған мәселе - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне байланысты болды. Ардагерлер ұйымы - бұл шешімді қолдайды», - дейді Бақтықожа Ізмұхамбетов Ардагерлер ұйымының кеңейтілген отырысынан кейін тілшілердің сұрағына берген жауабында.

Оның айтуынша, президенттік сайлаудың қажеттілігіне қатысты тағы бір мәселе бар.

«Біздің елімізге сонау одақ құлап, тәуелсіздік алғаннан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегінің арқасында мемлекетке аса көлемді инвестиция келді. Сол инвестиция салған үлкен алпауыт компаниялардың алаңдап отырғаны да жасырын емес. Міне, сол себепті, қазір аз уақыттың ішінде халқымыз өзінің Президентін сайлап, елдің бірлігін, тұтастығын толықтай қамтамасыз ету керек. Сондықтан, бүгінгі отырыста Президенттің үндеуін толықтай қолдауға бағытталған мәлімдеме қабылдадық», - дейді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Еске сала кетсек, Ардагерлер ұйымы мүшелерінің бүгінгі кеңейтілген отырысында Ардагерлер ұйымының басшылығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуіне қолдау білдіретіндіктерін мәлімдеген болатын.

Айта кетсек, ағымдағы жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Бұл туралы республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына жолдаған үндеуінің толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар