Бақтияр Мәкен: Президент жолдауы –әлеуметтік бастамаларды орындаудың жаңа кезеңі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент жолдауы – ірі әлеуметтік және саяси бастамаларды орындаудың жаңа кезеңі. Бұл пікірді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент жолдауы – Елбасы бағдарын әрі қарай жүзеге асыруды қамтамасыз ететін ірі әлеуметтік және саяси бастамаларды орындаудың жаңа кезеңі. Жолдауда Мемлекет басшысы ел дамуындағы ең өзекті мәселелерді айтып, оларды шешудің нақты жолдарын көрсетті, қоғам дамуының стратегиялық бағдары мен бағыттарын анықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет көңіл бөлуі тиіс бес негізгі саланы атады: заманауи әрі тиімді мемлекет, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экономиканың инклюзивті дамуы, әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі және әлеуметті өңірлер», - деді Б. Мәкен елордада Достық үйінде өткен Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау жөніндегі дөңгелек үстелде.

Сонымен бірге, ол мемлекет пен халық арасындағы сенімді қатынас тиімді мемлекеттің негізі екенін атап өтті және жақында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысына пікір білдірді.

«Ең бастысы – халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы. Ондағы негізгі стратегиялық элемент – халық тарапынан билікке сенім орнатуға баса мән беріліп отыр. Сонымен бірге, жақында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, алғашқы отырысын өткізді. Ұлттық кеңестің тиімділігі – азаматтық қоғамның жалпымемлекеттік өзекті мәселелер жөнінде өз пікірін айта алатын диалогтық алаңы болмақ. Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – салауатты қоғам құрудың маңызды шарты. Осы мақсатта сот пен құқық қорғау жүйелеріне түбегейлі реформалар жүргізіледі», - деді спикер.

Әкім орынбасары елімізде инклюзивті қоғам құрудың маңыздылығына да тоқталды.

«Әлеуметтік мәселелер бөлімінде білім беру, ана мен бала институтын қолдау, сапалы медициналық қызмет қолжетімділігі, мәдениет қызметкерлерін қолдау, инклюзивті қоғам құру жөнінде айтылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды толыққанды қоғам өміріне тарту – инклюзивті қоғам құрудың маңызды міндеті. Бұл мақсатта алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөлінеді», - деп атап өтті Бақтияр Мәкен.

Еске сала кетсек, 2019 жылы 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады




Соңғы жаңалықтар