Бактиер Зайнутдинов «Бешикташ» командасымен төрт жылдық келісімшартқа отырды

None
Фото: instagram.com/bateka_11
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ыстанбұлдың «Бешикташ» командасы Түркия футбол федерациясы сайтында Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бактиер Зайнутдиновпен жасалған келісімшартты тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Федерацияның ресми сайтында Зайнутдиновтың ыстанбұлдық клубпен келісімшарты биылғы жылдың 18 тамызынан басталғаны көрсетілген. Оның аяқталу мерзімі - 2027 жылдың 30 маусымы.

«Бешикташ» Түркия суперлигасындағы келесі ойынын 29 тамызда «Аданадемирспор» командасына қарсы өткізеді. Қазақстандық футболшы аталған кездесуде жаңа командасы сапында алғашқы ойынын көрсетуі мүмкін.

Айта кетсек, түркиялық клуб Зайнутдиновтің трансфері үшін 4,5 миллион еуро төледі.

Бактиер Зайнутдинов 1998 жылдың 2 сәуірінде дүниеге келген. Бұған дейін қазақстандық «Тараз», «Астана», Ресейдің «Ростов» және ЦСКА командаларының намысын қорғады.

Еске салсақ, бұдан бұрын ЦСКА Бахтияр Зайнутдиновтың трансфері үшін бонус күтіп отырғаны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар