Бактериялардың анықталуына байланысты Алматыдағы Сайран көлі құрғатылады
2022 жылғы 2 шілде 17:52

Бактериялардың анықталуына байланысты Алматыдағы Сайран көлі құрғатылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Сайран көлінен ішек таяқшалары анықталды. Бұл туралы Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған байланысты Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің хатына сәйкес және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің нұсқауымен су қоймасын толық көлемде құрғату туралы шешім қабылданды.

«Судан толық босату үшін 2-3 күн кетеді. Ластану көзін анықтау және тиісті шараларды қабылдау үшін аудан әкімдіктерінің (Алмалы, Әуезов), полиция бөлімінің, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімдерінің, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен экологтар арасынан жұмыс комиссиясы құрылды. Алматылықтар мен қала қонақтарынан алдағы күндері суға түсуден бас тартуды сұраймыз», - делінген хабарламада.

Департамент таратқан мәліметке сәйкес, бұл кезеңде резервуар түбін биологиялық және химиялық тазалаудың қосымша арнайы әдістері қажет емес.

Ластану көзі анықталып, арнайы комиссия жұмысы аяқталған соң Сайранға су қайта толтырылады.

Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT