Бақилық болғандар да жұмыспен қамту бағдарламасына қатысқан - Бас прокуратура

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы 2016-2018 жылдарға арналған жұмыспен қамту бағдарламасының жүзеге асырылуын тексеріп, нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомтсвоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тексеру нәтижесінде 10,5 млрд теңгені тиімсіз пайдалану, шамамен 1 млрд теңгені жымқыру және 553 млн теңгеге несиелерді мақсатсыз пайдалану фактілері анықталды. Яғни дайындықтан өткен 81 мың жұмыссыздың 28% -ы ғана немесе 23 мыңы жаңадан меңгерген мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан», - деп хабарлады Бас прокуратура Фейсбуктегі парақшасында.

Бас прокуратура келтірген деректерге сәйкес, Алматы облысының Балқаш ауданында бюджеттің 45 млн теңгесіне 250 адам талап етілмеген мамандықтар бойынша оқытылған. Нәтижесінде тек үшеуі ғана жұмыс тапқан.

Сондай-ақ, баспасөз қызметі 1,8 млрд теңге көлеміндегі 930 несиенің негізсіз беріліп, мақсатсыз пайдаланылғанын атап өтті. Бұл несиелер өндірісті кеңейту мен жаңа жұмыс орындарын құру үшін бизнес субъектілеріне арналған болатын.

«Мемлекеттен алынған қарыздар басқа несилерді жабуға, жылжымайтын мүлікті және автокөлікті сатып алуға жұмсалған.1,3 млрд теңгеге 750 бюджеттік несие Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында тіркелмеген кәсіпкерлерге және салық бойынша борышы бар адамдарға берілген. Несиені алғаннан кейін шамамен 300 кәсіпкер бірден өздерінің қызметін тоқтатқан», - делінген хабарламада.

Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспары іске асырылмаған. Одан бөлек, азаматтарды жалған жұмысқа орналастырудың 766 фактісі анықталған. Жұмыс орындарымен мүгедектер, басқа ұйымның қызметкерлері, тіпті қайтыс болғандар да «қамтамасыз» етіліп келген. Дәл осындай жолмен Түркістан облысындағы қылмыстық топ 464 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған. Оның құрамына Жұмыспен қамту орталығының басшылары және Еңбекші ауданындағы жергілікті полиция басшысы бар.

Жалпы республика бойынша жалған жұмысқа орналастырумен айналысқаны үшін 120 жұмыс беруші қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Әзірге Өскемен қаласының, ШҚО Абай ауданының, Жамбыл облысы Жуалы ауданының, Балқаш қаласының жұмыспен қамту орталықтарының басшылары, сондай-ақ Жезқазған, Шымкент және Қызылорда орталықтарының қызметкерлері сотқа тартылды.

«Тексеру нәтижесінде жалпы сомасы 1 млрд теңгені жымқыру фактісі бойынша 195 қылмыстық іс қозғалды. Бас ррокурор анықталған бұзушылықтарды жою және жауапты тұлғаларды жазалау мақсатында Премьер-Министрдің атына ұсыным енгізді», - дейді ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар