Бақауов:Көшелер мен аулаларды жарықтандыру арқылы қылмысты азайтамыз

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында қала көшелері мен аулаларды жарықтандыру қылмыс санын азайтуға септігін тигізеді.


Бұл туралы аймақ басшысы Болат Бақауов «Достық» үйінде 2017 жылы атқарылған жұмыстар мен 2018 жылға қойылған жоспарлар жайлы қоғамдық кеңес алдында есеп беру кезінде айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Бүгінгі таңда облыс орталығының көшелері жаңа келбетке ие болды. Қаланың орталығындағы аулалар да жап-жарық. Осындай жұмыстар Екінші Павлодарда және қаланың сыртқы аумақтарында қалай жүріп жатыр?», - деді қоғамдық кеңес мүшелері. Облыс әкімі биыл қаладағы аулаішілік аумақтарды көріктендіру мақсатында бір миллиард 700 миллион теңге бөлінгенін атап өтті. - Қаланың ортасын көріктендіру жұмыстарын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында атқаруға тапсырдық. Екінші Павлодар аумағында 18 көше жарықтандырылды. Әлі де қамтылмай қалған аумақтар бар. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстан үнемделген қаржының барлығы көшелерге жарық шамдарын орнатуға жұмсалады. Сол арқылы біз өңіріміздегі қылмыс деңгейін азайтамыз. Аулалардың іші жап-жарық болса, ешкім қылмыс жасамайды. Бұл ішкі істер органдарының да жұмысын жеңілдетеді, - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, көшелерді жарықтандыру жұмыстары облыстың барлық аудан орталықтары мен Екібастұз және Ақсу қалаларында да жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар