БАҚ туралы жаңа заңда қандай өзгерістер болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі БАҚ туралы заңнаманы жетілдіру жұмысы қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы 16 наурыздағы Жолдауында «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін еместігіне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деп министрлік алдына салалық заңнаманы жетілдіру міндетін қойды. Сондықтан қазір дәстүрлі БАҚ-тың бағыты концептуалды тұрғыда өзгеріп жатыр. Жаңа медиа түсінігі қалыптасты. Медиазаңнаманы қайта қарау жұмысы жүріп жатыр», - деді Д. Қыдырәлі министрліктің кеңейтілген алқа отырысында

Оның айтуынша, балаларға қатысты кибербуллингті реттеуде заңнамалық түзетулер енгізілді.

Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, масс-медиа туралы заң жұртшылық талқылауына шығарылды.

Сондай-ақ, онлайн платформалар мен интернет жарнама қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленуде.

«Заң жобасы аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспарланған. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері туралы заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектейтін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті, сондай-ақ ақпарат саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік», - деді Ақпарат министрі.

Айта кетейік, БАҚ туралы заң жобасы 27 қаңтарға дейін қоғам талқылауында болады.


Соңғы жаңалықтар