+7 (701) 759 90 19
USD 383.95 EUR 429.26
RUB 6.16 CNY 55.02
Jańalyqtar

Талғат Қалиев: Әлеуметтік саясат әрбір адаммен жеке жұмыс істеуді талап етеді

2019 жылғы 20 маусым 14:57
Бөлісіңіз:
Талғат Қалиев: Әлеуметтік саясат әрбір адаммен жеке жұмыс істеуді талап етеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы БАҚ көздері Алматы мен Нұр-Сұлтанды жазады да, аймақтарға тек проблема пайда болған кезде ғана мән береді. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев осындай мәселені ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 бағыты қалай жүзеге асырылады деген сұрақ бар. Мәселен, жергілікті өзін-өзі басқару саласында бюджеттің бөлінісі талқыланғанда халықты осы жұмысқа тартып, көптің пікірін тыңдау керек. Яғни, халықтың өзі қай ауданда қандай жолды жөндеу керектігін, қай мектепке жөндеу жүргізу керектігін шешуі тиіс. Егер халық осы іске кеңінен тартылса, Алматы мен Нұр-Сұлтанға ағылған халықтың саны азаяр еді. Миграциядағы мәселенің бәрін мынадан ұға беріңіз: бізде барлық БАҚ көздері Алматы мен Нұр-Сұлтанды жазады да, аймақтарға тек проблема пайда болған кезде ғана мән береді», - деді Талғат Қалиев Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Президент Қ.К.Тоқаевтың 10 міндеті: ел дамуының жаңа деңгейі» атты дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, өңірлердегі жағдай бойынша салмақты талдау жоқ.

«Алайда, ол өңірлерде белгілі бір оқыс оқиға болса, біз бірден ақпараттық аштықпен сол жаққа лап қоямыз. Осыдан кейін-ақ Алматы мен Нұр-Сұлтанда өмір жақсы, қалған аймақтарда нашар деген сияқты көңіл-күй қалыптасады. Осы мәселе миграциялық ағынды қалыптастыратын секілді», - дейді Талғат Қалиев.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры кадрлық резерв бойынша іріктеу қалай жүргізілетіні туралы да сөз қозғады.

«Кадрлық резервке іріктелетін 300 қызметкер - жағдайды түбегейлі өзгертіп жіберуге қауқарлы күш. Бірақ, бұл кадрлар қалай іріктеледі? Оған жоғары білімі бар азаматтар алына ма, әлде шетелдік компанияда еңбектеніп келген адамдар ене ме? Оларды қалай жігерлендіреміз? Жалақысы қанша болады? Басқарушылық шешімде қаншалықты еркіндік береміз? Үйлесімді қалай табамыз? Міне, осындай сұрақтар бар», - деді ол.

Талғат Қалиевтің айтуынша, ең бастысы - әділетке төр берілуі керек.

«Бұл әлеуметтік саясат әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізуді талап етеді. Сондай-ақ, цифрландыру дәуіріне аяқ басып келе жатқанымызды, оның көптеген саланы қамтығанын ескеруіміз керек. Азамат пен шенеуніктің қарым-қатынасы цифрлық алаңда айқындалады. Міне, осы алаңда әділет болуы керек. Осы заманға әрбір азамат дайын болуы тиіс», - деді ол.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне ресми кірісу рәсімінде мемлекетті дамыту жолында 10 бағытқа баса мән беру керектігін мәлім еткен еді.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT