Бахрейн Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін қабылданған шараларды қолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бахрейн басшылығы қажет болған жағдайда Қазақстанға көмек көрсетуге дайын. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің м.а. Мұхтар Тілеуберді мен Бахрейн Корольдігінің Сыртқы істер министрі Абдуллатиф бен Рашид әл-Заянидің телефон арқылы әңгімесі барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, телефон арқылы сұхбат Бахрейн тарапының бастамасымен өтті.

«Әңгіме барысында Абдуллатиф бен Рашид әл-Заяни Бахрейн басшылығы және халқы атынан Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін қабылданған шараларды қолдайтынын атап өтіп, қажет болған жағдайда көмек көрсетуге дайындығын растады. Сондай-ақ, елде жуық арада тұрақтылық орнайтынына сенім білдірді», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Өз кезегінде М.Тілеуберді Қазақстан басшылығы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жағдайды қалпына келтіруге бағытталған іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын хабарлады.

Тараптар сондай-ақ екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


Соңғы жаңалықтар