Бағдат Мусин Зерде холдингін реформалау туралы айтты

None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинің айтуынша, «Зерде» холдингін реформалаудың тиімді тәсілдері іріктеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл Есеп комитетінің ұсынымы ғой. Комитетте бұл ұсынысты талқылағанбыз. Бір сағаттық жеке репортаж бар, сол жерден көруге болады. Әрі қарай да мүмкіндік берсе, тиімділікті арттыру бағытында жұмыс істей береміз. Реформалау туралы айтсақ, сондай тапсырма берілді. Енді соның жолдарын қараймыз. Ең тиімді дегенін Үкіметке ұсынамыз», - деді Бағдат Мусин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, аталмыш мәселе кешенді ауқымда қаралып жатыр.

«Есеп комитеті холдингтің 2016-2018 жылдардағы жұмысына да талдау жасады. Кейінгі бір жылда холдингтің құрамындағы компаниялардың тиімділігін арттыру бағытында жұмыс істедік. Тиімділікті өскенін сандар көрсетіп тұр. Егер Есеп комитеті нұсқап отырса, қайта отырып, «Зерде» холдингінің жұмысын тиімді ету, реформалау мәселелерін қараймыз. Қазақстанда цифрландырумен 10-15 компания айналысады. Түрлі компаниялардың қатысуы бізді күшті ете түседі. Өйткені әрқайсысының өз пікірі бар. Әрқайсысы өз жұмысын істейді. «Зерде» әр тәсілдің архитектурасына жауа беріп келген еді», - деді Бағдат Мусин.

Еске салсақ, ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Зерде» холдингін реформалау туралы тапсырма берген болатын.


Соңғы жаңалықтар