Бағдат Мусин «Роскосмостың» Қазақстандағы еншілес компанияларымен байланысты дау туралы айтты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Роскосмостың» Қазақстандағы еншілес компанияларымен байланысты дау туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдері Қазақстан тарабының «Роскосмостың» еншілес компаниясынан бірнеше миллиард теңге өтем талап еткені қаншалықты растығын сұрады.

«Мәселе бұғатталғанда емес, белгілі бір сот процестері болды. Бұл – екі кәсіпорын. Бір жағынан «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны» АҚ, екінші жағынан «Жердегі ғарыштық инфрақұрылымды пайдалану орталығы» бар. Бұларда Аstana халықаралық қаржы орталығының төрелік сотында процестер болды. Оның қорытындысы бойынша Аstana халықаралық қаржы орталығы шешім шығарды. Соның аясында сот орындаушысы ҚР заңнамасының алдындағы міндеті бойынша әрекет етіп жатыр», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, сот шешімі «Байқоңыр» кешенінің бүкіл мүлкін бұғаттауды көздемейді.

«Бұл «Жердегі ғарыштық инфрақұрылымды пайдалану орталығына» қатысты. Оның мүлкі Қазақстан аумағында. Қазір ахуалды реттеу үшін келіссөз жүріп жатыр. Яғни, шешім шығарылды, бітті деген сөз емес. Әрі қарай сот процестері болады. Меніңше, бәрінен бұрын сот органдары дұрыс шешім қабылдайды.

Менің білуімше, «Жердегі ғарыштық инфрақұрылымды пайдалану орталығының» басшылары қазір Қазақстанда жүр. Олар компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр және процедуралар Astana халықаралық қаржы орталығының соты деңгейінде жалғасады», - деді ол.

Бағдату Мусин журналистердің нақтылау сауалына жауап бере отырып, соттың қащіргі шешімі бойынша 1-2 млрд теңге көлеміндегі өтем туралы әңгіме болып жатқанын түсіндірді.


Соңғы жаңалықтар