Бағдат Мусин: Қала мен ауыл баласының білім айырмашылығы – 15%

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде басталған «Білім ALL» жобасы ауыл мен қала баласының білімін теңестіруге мүмкіндік береді. Ол үшін барлық елді мекенді интернетпен қамту қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Білім ALL» жобасымен танысты. Қобда ауданы Талдысай ауылына барып, мұғалімдермен, оқушылармен кездесті.

«Ақтөбе облысының ауылдарында 200-ге жуық мектеп бар. Оның 120-сында «Білім ALL» жобасы қолға алынды. Жобаның дамуына интернет қажет. Интернетсіз қатынас, бейнесабақ та болмайды. Сондықтан, интернет мәселесін шешу үшін барлық мобильді оператормен бірге келдік. Әкімнің осындай жоба ұйымдастырып жатқаны Президенттің ауылды көтеру туралы тапсырмасына кіреді. Пилоттық жоба осы жерден басталды. Себебі, қалаға қарағанда ауыл балаларының білім деңгейі төмен, 15% айырмашылығы бар. Ал, ««Білім ALL» жобасы жоғары білікті мамандарды жинап, оқушыларға онлайн сабақ беруге, олардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Балаларға ғана емес, ауыл мұғалімдеріне де керек. Олар тәжірибесін арттырады», - деді министр Бағдат Мусин.

Жалпы, Ақтөбе облысында ауылдардағы 120 мектептің интернет сапасы осы жобаға сай келеді деп есептелген. Биыл қыркүйекке дейін тағы жиырмасын интернетке қосу жоспарда бар. Ал өзгесі 2024 жылдың қыркүйегіне дейін қамтылады.

«Бұрын «интернет керек» деген кезде ойнайды, видео қарайды деп айтылды. Ал енді оқуға талпынған балаларға керек деген кезде басқаша сұрақ туындайды. Сондықтан, біз осы жобаға республикалық деңгейден қаражат бөле аламыз. Қазір «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Оны наурыз айының басында бекітеміз. Кейін қаражат бөлінеді. Қаражатты мектептерді интернетке қосуға жұмсаймыз. Әрбір ауылға сым тарту, құбыр тарту сияқты жұмыс. Ауылға интернет жеткізу үшін бес жылда 190 млрд теңге жұмсалады. Көбіне оптикалық, қиын жерге ступниктік желі қосылады», - деді министр.

Еске салсақ, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ақтөбеде таныстырылған «фельдшер сөмкесі» жобасына қолдау көрсетуге уәде етті.


Соңғы жаңалықтар