Бағдат Мусин емтихансыз жүргізуші куәлігін алу эксперименттің нәтижесін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елордадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында емтихансыз жүргізуші куәлігін алуға қатысты эксперименттің нәтижесін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тиісті комиссия шешім қабылдайды. Министр ретінде «Азаматтарға арналған үкіметке», яғни осы процестермен айналысатын компанияға барлық қажетті шараларды қабылдауға кеңес бердім. Эксперименттік тексерумен өзім барған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы жұмыстан босатылып, жаңа қызметкер тағайындалды», - деді Б. Мусин Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол мамандандырылған ХҚКО-лардағы осы тектес заңсыздықтарға алдағы уақытта да тосқауыл қойылатынын айтты.

«Біз мемлекеттік қызметті жылдам форматта және жемқорлық жағдайына жол бермейтін қадамдармен ұсынуымыз керек. Заңнамадағы процестер қатаң орындалуы керек. Ол үшін технологиялық инновацияларды енгіземіз, яғни биометрия мен емтихан тапсырушыны байқап отыратын технологиялар ескеріледі», - деді министр.

Бұдан бұрын Бағдат Мусин өзі ұйымдастырған экспериментті Instagram-да жариялаған еді.

Онда министр елордадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында емтихансыз жүргізуші куәлігін алу үшін уағдаласуы сәтін түсірген еді.

Кейінен ведомство басшысы жүргізуші куәлігін алуға емтиханнан сүрінбей өтетіндер саны күрт азайғанын жазды.



Соңғы жаңалықтар